Ақтауда АЭХА-ның уран мұрасы объектілері жөніндегі Үйлестіру тобының отырысы басталды

Ақтауда АЭХА-ның уран мұрасы объектілері жөніндегі Үйлестіру тобының отырысы басталды

Бүгін, 2026 жылғы 13 шілдеде Ақтау қаласында Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің қолдауымен жұмыс істейтін Уран мұрасы объектілері жөніндегі үйлестіру тобының (Coordination Group for Uranium Legacy Sites, CGULS) жыл сайынғы отырысы өз жұмысын бастады. Кеңес 17 шілдеге дейін жалғасады.

CGULS – уран мұрасы объектілерін басқару саласындағы қызметті үйлестіру мақсатында мемлекеттерді, халықаралық ұйымдарды және бейінді сарапшыларды біріктіретін халықаралық сарапшылық алаң.

Қазақстан үшін бұл отырысты өткізу уран мұрасы объектілерін қауіпсіз күйге келтіру және оларды ұзақ мерзімді мониторингтеуді ұйымдастыру мәселелерін одан әрі пысықтау тұрғысынан маңызды практикалық мәнге ие. Осы мақсатта іс-шараға АЭХА, Еуропалық қайта құру және даму банкі (ЕҚДБ), Еуропалық комиссия сарапшылары, Орталық Азия және Еуропа елдерінің өкілдері, сондай-ақ ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің пайдаланылған ядролық отынмен, радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу және ядролық әрі радиациялық қауіпті объектілерді пайдаланудан шығару мәселелері жөніндегі базалық ұйымының өкілдері шақырылды.

Апта бойы қатысушылар уран мұрасы объектілерін қауіпсіз оңалту, қалпына келтірілген аумақтарды ұзақ мерзімді басқару, рекультивациядан кейінгі мониторинг, ұлттық инфрақұрылымды дамыту және мемлекеттік реттеу тетіктерін жетілдіру мәселелерін талқылайды. Практикалық тәжірибе алмасуға, өңірлік ынтымақтастықты нығайтуға, сондай-ақ уран мұрасы объектілерінің ұзақ мерзімді қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласында АЭХА-ның халықаралық стандарттары мен ұсынымдарын қолдануға ерекше назар аударылады.

Бағдарлама аясында қатысушылар Маңғыстау облысындағы атом энергиясын пайдалану объектілері мен уран мұрасы объектілеріне, оның ішінде «Қошқар-Ата» қалдық сақтау қоймасына, Химия-гидрометаллургия зауытына және «Маңғыстау атом энергетикалық комбинаты» ЖШС-нің БН-350 реакторлық қондырғысына барады. Объектілермен танысу халықаралық сарапшыларға олардың қазіргі жай-күйін бағалауға, жүзеге асырылып жатқан іс-шараларды талқылауға және оларды одан әрі қауіпсіз басқару бойынша практикалық ұсынымдар әзірлеуге мүмкіндік береді.