ПМЭФ-2026: Қазақстан мен Курчатов институты атом саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды

ПМЭФ-2026: Қазақстан мен Курчатов институты атом саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды

САНКТ-ПЕТЕРБУРГ. Санкт-Петербург халықаралық экономикалық форумы (ПМЭФ-2026) аясында Қазақстан Республикасы Атом энергиясы жөніндегі агенттігі мен «Курчатов институты» ұлттық зерттеу орталығы арасында Өзара түсіністік туралы меморандумға қол қою рәсімі өтті.

Құжат ғылыми зерттеулер, кадрлар даярлау, тәжірибе алмасу және атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыру бағытындағы ынтымақтастықты дамытуға арналған.

Қол қою рәсімінде сөз сөйлеген ҚР Атом энергиясы жөніндегі агенттігінің төрағасы Алмасадам Сәтқалиев Қазақстан мен Ресей арасындағы ғылыми-технологиялық әріптестікті нығайтудың маңыздылығын атап өтті.

«Қазақстан атом саласын дамытудың кешенді тәсілін жүзеге асыруда. Бұл атом электр станциясын салуды, зерттеу инфрақұрылымын дамытуды, инженерлік кадрларды даярлауды және халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуді қамтиды. «Курчатов институты» ұлттық зерттеу орталығы осы бағыттағы негізгі серіктестердің бірі болып табылады. Қол қойылған меморандум біздің ынтымақтастығымызға жаңа серпін беріп, нақты бірлескен жобаларды іске асыруға негіз болады деп сенеміз», – деді Алмасадам Сәтқалиев.

Тараптардың өзара іс-қимылының басым бағыттары ретінде термоядролық зерттеулер, реакторлық технологиялар, ядролық медицина, ғылыми инфрақұрылымды цифрландыру, сондай-ақ бірлескен ғылыми-зерттеу жобаларын дамыту айқындалды.

Сондай-ақ тараптар екі елдің ғылыми ұйымдарының әлеуетін пайдалана отырып, кадрлар даярлау және ғылыми тәжірибе алмасу саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуді көздеп отыр.

Меморандумды іске асыру Қазақстан мен Ресей арасындағы ғылыми-технологиялық ынтымақтастықты одан әрі дамытуға, зерттеу базасын нығайтуға және атом саласы үшін жоғары білікті мамандар даярлауға ықпал етеді деп күтілуде.

Сонымен қатар Санкт-Петербургке жұмыс сапары барысында ҚР Атом энергиясы жөніндегі агенттігінің төрағасы Алмасадам Сәтқалиев «Курчатов институты» ұлттық зерттеу орталығының қызметімен танысты. Сапар барысында ғылыми зерттеулердің негізгі бағыттары, бірегей зерттеу инфрақұрылымы және ядролық әрі термоядролық технологиялар саласындағы перспективалы әзірлемелер таныстырылды.