
САНКТ-ПЕТЕРБУРГ. Қазақстан Республикасының Атом энергиясы жөніндегі агенттігінің төрағасы Алмасадам Сәтқалиев Петербург халықаралық экономикалық форумы (ПМЭФ-2026) аясында өткен «Мегақондырғылар: халықаралық ынтымақтастықтың жаңа физикасы» атты сессияға қатысты.
Пікірталас барысында қатысушылар ірі ғылыми-зерттеу қондырғыларының ғылымды дамытудағы, кадрлар даярлаудағы, халықаралық ынтымақтастықты нығайтудағы және мемлекеттердің технологиялық егемендігін қамтамасыз етудегі маңызын талқылады.
Сессияда сөз сөйлеген Алмасадам Сәтқалиев Қазақстан ғылыми-зерттеу инфрақұрылымын дамытуды заманауи атом саласын қалыптастырудың негізгі бағыттарының бірі ретінде қарастыратынын атап өтті.
«Қазақстан атом электр станциясын салу туралы шешім қабылдады. Біз АЭС-ті бастапқы кезеңнен-ақ жай ғана құрылыс жобасы емес, ұлттық атом саласын ұзақ мерзімді дамытуға бағытталған стратегиялық міндеттеме ретінде қарастырамыз. Бізге толыққанды атом экожүйесі қажет: инженерлік мектеп, зерттеу базасы, сынақ инфрақұрылымы және білікті кадрлар», – деді Агенттік төрағасы.
Оның айтуынша, осындай экожүйені дамытуда озық ғылыми зерттеулер жүргізуге және білікті мамандар даярлауға мүмкіндік беретін ірі ғылыми қондырғылар маңызды рөл атқарады.
Сондай-ақ Агенттік төрағасы Қазақстанның бірегей ғылыми инфрақұрылымға ие екенін және атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы зерттеу әлеуетін жүйелі түрде дамытып келе жатқанын атап өтті.
Талқылауға ғылыми қауымдастық пен атом саласының өкілдері, халықаралық зерттеу ұйымдарының басшылары және мемлекеттік құрылымдардың жетекшілері де қатысты.
Осындай халықаралық алаңдарға қатысу ғылыми ынтымақтастықты нығайтуға, тәжірибе алмасуға және әлемнің жетекші ғылыми орталықтарымен бірлескен зерттеу жобаларын іске асыру мүмкіндіктерін кеңейтуге ықпал етеді.