«Адал азамат» жол картасы аясында Агенттікте жастармен кездесу өтті

«Адал азамат» жол картасы аясында Агенттікте жастармен кездесу өтті

2026 жылғы 14 мамырда 2025-2027 жылдарға арналған «Адал азамат» идеалдарына сәйкес мемлекеттік қызметшілердің кәсіби және тұлғалық қасиеттерін ілгерілету жөніндегі жол картасы аясында Қазақстан Республикасының Атом энергиясы жөніндегі агенттігінде (бұдан әрі – Агенттік) жастар арасында патриоттық ұстанымдарды және ерте кәсіби бағдар беру шеңберінде мемлекеттік қызметтің ерекшеліктерін насихаттау мақсатында М.С. Нәрікбаев атындағы КАЗГЮУ университетінің студенттеріне арналған «Ашық есік күні» іс-шарасы өтті.

Кездесу барысында Агенттіктің Әдеп жөніндегі уәкілі Далпақов Нұрлан Нұрқасинұлы шақырылған қонақтарға мемлекеттік қызметші мамандығын насихаттау бойынша дәріс өткізді. Ол болашақ мемлекеттік қызметшілер үшін адалдық, әділдік, ашықтық, сыпайылық және клиентке бағдарлану сияқты қасиеттерді дамыту қажеттігін атап өтті.

Агенттіктің Қазақстандық қамту департаменті директоры Жансейтов Данияр Маралұлы атом саласына кадрлар даярлаудың бейіндік бағыты аясында тыңдаушыларға мазмұнды таныстырылым дәрісін өткізіп, қонақтарды қызықтырған барлық сұрақтарға жауап берді.

Инженерлік бейіндегі зертхана меңгерушісі, Ядролық физика институтының Астана филиалының жетекші ғылыми қызметкері Шлимас Дмитрий Игоревич қатысушыларға саладағы өндірістік жобалар туралы ақпарат ұсынып, қол жеткізілген жетістіктер мен атом энергетикасын дамыту перспективалары жөнінде баяндады.

«Мемлекеттік қызметтің ардагері» медалінің иегері, Агенттіктің бюджет және қаржылық рәсімдер департаменті директорының орынбасары Байғожина Жанар Аманжолқызы қонақтармен өзінің бай кәсіби тәжірибесімен бөлісіп, мемлекеттік қызметшілердің мемлекетті дамытуға қосып жатқан үлесі туралы айтып, жас ұрпаққа арнап ақыл-кеңестері мен тілектерін жеткізді.

Персоналды дамыту және кадрлар даярлау департаментінің персоналмен жұмыс жөніндегі басқармасының басшысы Боранбаева Шынар Тоқтарбекқызы студенттердің мемлекеттік қызметке қабылдау рәсіміне қатысты қызықтырған сұрақтарына заңнамаға сәйкес түсіндірме берді.

Іс-шара қорытындысында Агенттік қызметкерлері өткізілген мазмұнды әрі танымдық кездесудің өскелең ұрпақтың дамуына және Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі үшін жас мамандарды қалыптастыруға оң серпін беретініне сенім білдірді.