
2026 жылғы 4-8 мамыр аралығында Төрағаның орынбасары Ғұмар Серғазин бастаған Қазақстан Республикасы Атом энергиясы агенттігінің делегациясы Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттікке (АЭХА) барды.
Сапар аясында АЭХА Бас директорының орынбасарларымен және АЭХАның бейінді департаменттерінің басшылығымен жұмыс кездесулері өтті. Атом энергетикасын, ядролық медицинаны, техникалық кооперацияны, сондай-ақ ядролық, радиациялық және ядролық физикалық қауіпсіздікті дамыту саласындағы екіжақты ынтымақтастықтың басым бағыттары талқыланды.
АЭХА Бас директорының ядролық ғылымдар жөніндегі орынбасары Наджат Мохтармен кездесуде Қазақстанда ядролық медицинаны дамыту, азық-түлік қауіпсіздігі саласында радиациялық технологияларды қолдану, сондай-ақ "Rays of Hope" және "Atoms4Food"АЭХА бастамалары аясындағы өзара іс-қимыл мәселелері қаралды.
Азық-түлік қауіпсіздігін, ауыл шаруашылығының тұрақтылығын арттыру және ғылыми зерттеулерді дамыту үшін ядролық және радиациялық технологияларды енгізуге бағытталған "Atoms4Food" бастамасы шеңберінде АЭХА мен Қазақстан Республикасының Ұлттық Ғылым академиясы арасындағы ынтымақтастықты дамытуға ерекше назар аударылды.
Сондай-ақ МАГАТЭ сараптамалық және әдіснамалық қолдауымен ядролық медицина, радиология, сәулелік онкология және медициналық физика салаларында мамандар даярлаудың тұрақты жүйесін қалыптастыру мәселелері талқыланды.
Сонымен қатар, QUANUM, QUATRO және QUAADRIL халықаралық аудиттеріне дайындықты, сондай-ақ пациенттердің дозалық жүктемесін мониторингтеу жүйесін енгізуді қоса алғанда, АЭХА ұсынымдары негізінде радиациялық терапияда, радиологияда және ядролық медицинада сапа жүйесін жетілдіру мәселелері қаралды.
АЭХА Бас директорының орынбасары, Атом энергиясы департаментінің басшысы Михаил Чудаковпен кездесуде Қазақстанның ядролық-энергетикалық инфрақұрылымын дамыту мәселелері талқыланды. Техникалық кооперация жобасы шеңберінде АЭХА сараптамалық тобымен бірлесіп, Қазақстанда АЭС салу жобасын қолдау мәселелері бойынша 2026-2027 жылдарға арналған бірлескен жұмыстардың кешенді жоспары өзектендірілді. Жеке блокта Каспий өңіріндегі ядролық және радиациялық қауіпті объектілерді экологиялық оңалтудың ұлттық бағдарламасын әзірлеу бойынша жоспарланған бірлескен іс-шаралар қаралды.
Сонымен қатар, АЭХА Бас директорының орынбасары, Ядролық және физикалық қауіпсіздік департаментінің басшысы Карин Эрвиумен кездесу өтті, оның барысында Қазақстан Республикасының ядролық физикалық қауіпсіздігін қолдаудың кешенді жоспарын іске асыру, ұлттық білім беру жүйесін бағалау және радиациялық қорғау саласындағы кадрларды даярлау, сондай-ақ ядролық және радиациялық қауіпсіздік саласындағы инфрақұрылым мен нормативтік базаны дамыту мәселелері қаралды.
АЭХА техникалық кооперация департаментінің басшылығымен ағымдағы цикл шеңберіндегі техникалық кооперацияның ұлттық жобалары, келесі бағдарламалық кезеңге арналған өзара іс-қимылдың басым бағыттары, сондай-ақ кәсіби құзыреттілікті арттыру және халықаралық тәжірибе алмасу үшін АЭХА-ға Қазақстанның атом саласы мамандарын уақытша қызметке жіберу мәселелері талқыланды.
Сапар қорытындысы бойынша жоғарыда аталған барлық бағыттар бойынша қол жеткізілген уағдаластықтар мен бірлескен бастамалар Қазақстан Республикасы мен АЭХА арасындағы ынтымақтастықтың әзірленіп жатқан Жол картасына енгізілетін болады.