Қазақстан мен Дүниежүзілік банк өзара іс-қимылды нығайтуда

Қазақстан мен Дүниежүзілік банк өзара іс-қимылды нығайтуда

Астанада Қазақстан Республикасы Атом энергиясы жөніндегі агенттігінің төрағасы Алмасадам Сәтқалиев пен Дүниежүзілік банктің инфрақұрылым жөніндегі вице-президенті Валери Левковтың кездесуі өтті.

Кездесуде тараптар ынтымақтастықтың бағыттарын, оның ішінде институционалдық дамуды қамтамасыз ету, нормативтік-құқықтық базаны жетілдіру, сондай-ақ халықаралық қаржы институттарымен өзара іс-қимылдың ықтималдығын талқылады.

Әсіресе, ғылыми және зерттеу инфрақұрылымын дамыту мәселелеріне ерекше назар аударылды. Заманауи технологияларды қолдану бағыттары, оның ішінде медицина саласында, әсіресе радиофармацевтиканы дамыту мәселелері қарастырылды.

Валери Левков Дүниежүзілік банк қазіргі уақытта осы бағыт бойынша кеңес беру және ішкі сараптамалық әлеуетті арттыруға қолдау көрсету секілді жұмыс жүргізу тәсілдерін қалыптастырып жатқанын атап өтті.

Кездесуді қорытындылай келе, тараптар ынтымақтастықты жалғастыруға және ғылыми-технология бағытында жүргізілетін жұмыстарды одан әрі пысықтауға мүдделілік білдірді.