
Атом саласын дамытудағы маңызды міндеттердің бірі – радиоактивті қалдықтармен (РАҚ) және пайдаланылған ядролық отынмен (бұдан әрі – ПЯО) қауіпсіз әрі тиімді жұмыс істеуді қамтамасыз ету. Бұл бағыттар Қазақстанда атом электр станцияларын салу бойынша ауқымды жобалардың іске қосылуы және соған байланысты РАҚ пен ПЯО көлемінің артуы жағдайында ерекше маңызға ие болып отыр. Бұл ретте олардың түзілуін барынша азайтудан бастап, жинау, сұрыптау, сақтау, өңдеу, көму және АЭХА ұсынымдары мен қауіпсіздік стандарттарына негізделген өзге де тәсілдерді қамтитын тиісті басқару шаралары көзделеді.
Жиналған және жаңадан түзілетін РАҚ-пен қауіпсіз жұмыс істеуді қамтамасыз ету басым міндет болып табылады. Радиациялық мониторинг пен бақылау жүргізу, радионуклидтердің таралуының алдын алу, сондай-ақ аумақтарды қалпына келтіру жөніндегі іс-шараларды жүзеге асыру ерекше маңызға ие.
РАҚ-ты жинақтау тәжірибесінен оларды түзілуін азайту, дезактивациялау, өңдеу, кондициялау және қауіпсіз көму саясатына көшу стратегиялық тұрғыдан негізделген сипатқа ие болуда.
ПЯО-ны басқарудың маңызды стратегиялық бағыты – оны жаңа отын компоненттерін және медицинада, ауыл шаруашылығында, өнеркәсіпте қолданылатын материалдарды алу үшін шикізат ретінде пайдалану болып табылады.
Ядролық, радиациялық және ядролық физикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету – атом саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтарының бірі әрі оның орнықты дамуының басты шарты.
Қазақстан Республикасы мен АЭХА бірлесіп бекіткен 2025–2028 жылдарға арналған ядролық физикалық қауіпсіздікті қолдау жөніндегі кешенді жоспарды (бұдан әрі – Жоспар) іске асыру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Аталған жоспар мемлекеттік реттеудің тиімділігін арттыруға, қауіпсіздік инфрақұрылымын нығайтуға және кадрлық әлеуетті жетілдіруге бағытталған іс-шаралар кешенін қамтиды.
Жоспарды іске асыру ядролық материалдар мен қондырғыларды, иондаушы сәулелену көздерін қорғау шараларын күшейтуге, сондай-ақ ұлттық жүйенің заманауи халықаралық талаптарға сәйкестігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Ядролық қаруды таратпау жөніндегі халықаралық міндеттемелер аясында қазақстандық реакторларды төмен байытылған уран отынына көшіру бойынша, олардың сипаттамалары мен эксперименттік мүмкіндіктерін жоғалтпай жүзеге асыру бағытында жұмыстар жүргізілуде.
Семей ядролық қауіпсіздік аймағы мен инфрақұрылым объектілерінің ядролық және радиациялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша жұмыстар жүргізілуде. Оның ішінде нормадан тыс радиоактивті ластануға ұшыраған жерлерді қалпына келтіру, оларды біртіндеп шаруашылық айналымға қайтару мүмкіндігін жасау, сондай-ақ бұрынғы Семей ядролық сынақ полигонына іргелес аумақтарды кешенді экологиялық зерттеу қарастырылған.
Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шартты қолдау мақсатында Қазақстанда геофизикалық мониторинг желісі мен Ұлттық деректер орталығы жұмыс істейді, олар Халықаралық мониторинг жүйесінің қазақстандық станцияларынан ақпаратты жинау және өңдеуді қамтамасыз етеді.
Сонымен қатар атом саласының қауіпсіздігін қамтамасыз етуде өлшемдердің дәлдігі мен сенімділігін қамтамасыз ететін метрологиялық қамтамасыз ету маңызды рөл атқарады.
Атом саласын метрологиялық қамтамасыз ету жүйесі мемлекеттік эталондарды құру мен қолдауды, метролог мамандарды даярлауды, қоршаған ортаға әсерді бақылау инфрақұрылымын дамытуды, сондай-ақ АЭХА және жетекші метрологиялық институттармен халықаралық ынтымақтастықты қамтитын шаралар кешенінен тұрады.
Атом саласының қарқынды дамуы жағдайында метрологиялық қамтамасыз етудің заманауи ұлттық жүйесін қалыптастыру алдын ала әрекет ететін сипатқа ие болуы және стратегиялық басымдық ретінде қарастырылуы тиіс.
Ядролық, радиациялық және ядролық физикалық қауіпсіздік саласындағы барлық шаралар қауіпсіздік қағидаттарын, ақпараттық ашықтықты және экологиялық жауапкершілікті сақтай отырып, соның ішінде АЭХА ұсынымдарына сәйкес халық денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету негізінде іске асырылады.