
Қазақстан Республикасы Атом энергиясы жөніндегі агенттігінің төрағасы Алмасадам Сәтқалиев Ғылым қызметкерлері күні қарсаңында Ядролық физика институтының Астана филиалында болды.
Ядролық физика институтының Астана филиалында Қазақстан Республикасы Атом энергиясы агенттігінің төрағасы Алмасадам Сәтқалиевтің қатысуымен Ғылым қызметкерлері күніне арналған іс-шара өтті. Іс-шара барысында филиал қызметінің негізгі бағыттары, ғылыми әзірлемелер және оның зерттеу инфрақұрылымының мүмкіндіктері ұсынылды.
Іс-шара аясында Ядролық физика, радиациялық материалтану, иондық-сәулелік технологиялар, сондай-ақ атом саласындағы отандық ғылым мен технологиялық құзыреттілікті дамыту үшін маңызы бар қолданбалы зерттеулер саласындағы филиал жұмысының негізгі нәтижелері ұсынылды. Институттың маңызды ғылыми-технологиялық қондырғыларының бірі ретінде ДЦ-60 үдеткіш кешеніне ерекше назар аударылды.
Алмасадам Сәтқалиев филиал қызметкерлерін Ғылым қызметкерлері күнімен құттықтап, олардың еліміздің ғылыми әлеуетін дамытуға, білікті мамандар даярлауға және атом энергиясын пайдалану саласындағы Қазақстанның зерттеу базасын нығайтуға қосқан үлесінің маңыздылығын атап өтті. Ол ғылымның, заманауи зерттеу инфрақұрылымының және кадрлық әлеуеттің дамуы елдің технологиялық болашағы үшін стратегиялық маңызы бар екенін атап өтті.
Кездесу барысында Агенттік Төрағасы ғылыми қызметті мемлекеттің, экономиканың және қоғамның практикалық қайтарымы мен нақты қажеттіліктеріне одан әрі бағдарлау қажеттігін ерекше атап өтті. Мемлекет басшысы тапсырма бергендей, ғылым неғұрлым қолданбалы міндеттерге көшуі, қоғамға нақты пайда әкелуі, нақты нәтижелілікті қамтамасыз етуі және экономика мен өндіріс сұраныстарымен тығыз байланысты болуы тиіс екендігі атап өтілді.
Сондай-ақ ғылыми үдерістерге жасанды интеллект технологияларын енгізу перспективаларына ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, ЖИ-ді еңбек сыйымдылығы жоғары және қайталанатын операцияларды қысқарту, зерттеулердің жекелеген кезеңдерінде адам-сағатты азайту, ғылыми ақпаратты өңдеуді автоматтандыру, халықаралық жарияланымдарды жүйелеу, мамандандырылған дерекқорлар қалыптастыру, сондай-ақ ғылыми эксперименттерді модельдеу, талдау және сүйемелдеуде заманауи цифрлық шешімдерді қолдану мәселелері сөз болды.