Ресей ғылым академиясының Сібір бөлімшесі өкілдерімен кездесу өтті

Ресей ғылым академиясының Сібір бөлімшесі өкілдерімен кездесу өтті

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – ұлттық экономика министрі С.М. Жұманғариннің тапсырмасы аясында Ресей ғылым академиясының Сібір бөлімшесінің (бұдан әрі – РҒА СБ) академиктерімен жұмыс кездесуі өтті.

РҒА СБ Ресей Федерациясының ең ірі өңірлік ғылыми-зерттеу орталығы болып табылады. Ол жетекші ғылыми институттарды, ғылыми мектептерді және жоғары технологиялық өндірістік бағыттарды біріктіреді. Бұл ұйым іргелі және қолданбалы ғылымды дамытуда, сондай-ақ ғылыми-технологиялық инфрақұрылымды қалыптастыруда маңызды рөл атқарады.

Кездесу барысында ғылыми қалашықтар мен ғылыми-технологиялық аумақтарды қалыптастыру және дамыту мәселелері талқыланды. РҒА СБ өкілдері білім, ғылым және өнеркәсіпті біріктіретін ғылыми-технологиялық орталықтарды практикалық тұрғыда дамыту тәжірибесімен, сондай-ақ экономиканың түрлі салаларына жаңа технологияларды енгізу арқылы заманауи инновациялық инфрақұрылымды қалыптастыру тәжірибесімен бөлісті.

Аталған тәжірибе Қазақстан үшін отандық ғылымды шоғырландыру аумақтарын дамыту тұрғысынан үлкен қызығушылық тудыратыны атап өтілді. Атап айтқанда, елдің ғылыми-технологиялық дамуының әлеуетті өсу нүктелері ретінде қарастырылып отырған Курчатов қаласы мен Алматы маңындағы Алатау кентін дамыту барысында озық тәжірибелерді қолдану перспективалары талқыланды.

Кездесу барысында қазақстандық және ресейлік ғалымдар арасындағы ғылыми ынтымақтастықты кеңейту мүмкіндіктері, сондай-ақ кадрларды даярлау мәселелері де қарастырылды.

Сонымен қатар қазақстандық зерттеушілердің РҒА СБ базасында іске асырылып жатқан ірі ғылыми жобаларға әлеуетті қатысу мүмкіндіктеріне де ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, синхротрондық сәулеленудің қуатты көздерін алуға арналған заманауи ғылыми-зерттеу кешені – «Сібір сақиналы фотондар көзі»  жобасына қатысу мәселесі талқыланды. Бұл кешен материалтану, энергетика, биомедицина, фармацевтика, тамақ өнеркәсібі және басқа да жоғары технологиялық бағыттарда озық зерттеулер жүргізуге мүмкіндік береді.

Тараптар бірлескен ғылыми зерттеулерді дамыту мен тәжірибе алмасудың жоғары әлеуетін атап өтіп, сондай-ақ Қазақстан мен Ресей Федерациясы арасындағы ғылыми-технологиялық ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға қызығушылық білдірді.