Алмасадам Сәтқалиев Париждегі ядролық саммит аясында бірқатар екіжақты кездесулер өткізді

Алмасадам Сәтқалиев Париждегі ядролық саммит аясында бірқатар екіжақты кездесулер өткізді

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Ерлан Қошанов бастаған қазақстандық делегация Парижде өткен Ядролық энергетика жөніндегі екінші халықаралық саммитке қатысты. Делегация құрамына Қазақстан Республикасы Атом энергиясы жөніндегі агенттігінің төрағасы Алмасадам Сәтқалиев кірді. Саммит 50-ден астам елдің мемлекет және үкімет басшыларын, мемлекеттік органдардың, халықаралық ұйымдардың, қаржы институттарының басшыларын, сондай-ақ өнеркәсіп пен ғылыми-сараптамалық қоғамдастық өкілдерін біріктірді.

Саммит Франция Республикасының Президенті Эммануэль Макронның төрағалығымен пленарлық отырыспен ашылды. Өз сөзінде ол азаматтық атом энергетикасы энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің, тұрақты экономикалық өсудің және жаһандық климаттық мақсаттарға қол жеткізудің негізгі факторларының бірі болып табылатынын атап өтті. Оның айтуынша, атом энергетикасы бір мезгілде энергиямен қамтамасыз етудің сенімділігін, электр энергиясының бәсекеге қабілетті құнын және көміртегі шығарындыларының айтарлықтай төмендеуін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Франция президенті сондай-ақ халықаралық ынтымақтастықты кеңейту және ядролық отын жеткізу тізбегін әртараптандыру қажеттігін атап өтті. Осы тұрғыда ядролық отынның жаһандық нарығының орнықтылығын қамтамасыз етуде Қазақстанды қоса алғанда, уран өндіруші елдердің маңызды рөлі атап өтілді.

Саммиттің іскерлік бағдарламасы аясында Қазақстан Республикасы Атом энергиясы жөніндегі агенттігінің төрағасы Алмасадам Сәтқалиев "Жаһандық деңгейде ядролық отын жеткізудің қауіпсіздігін қамтамасыз ету" (Ensuring nuclear fuel supply security at the global level) тақырыптық дөңгелек үстелінің жұмысына қатысты. Талқылау барысында қатысушылар ядролық отынды жеткізудің жаһандық тізбегін әртараптандыру, озық отын технологияларын дамыту, уранды өндіру мен қайта өңдеуді кеңейту, сондай-ақ ядролық отынның әлемдік нарығының тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында халықаралық ынтымақтастықты нығайту мәселелерін талқылады.

Саммит аясында Қазақстан Республикасы Атом энергиясы жөніндегі агенттігінің төрағасы Францияның Атом және баламалы энергетика жөніндегі комиссариатын (CEA), Францияның Экономика, қаржы және өнеркәсіптік, энергетикалық және цифрлық егемендігі министрлігін, сондай-ақ атом саласының жетекші компанияларының өкілдерін қоса алғанда, Францияның бейінді мемлекеттік және салалық ұйымдарының басшылығымен бірқатар екіжақты кездесулер өткізді.

Кездесулер барысында азаматтық ядролық энергетика саласындағы халықаралық ынтымақтастықты дамытудың өзекті мәселелері, ғылыми-технологиялық өзара іс-қимыл және өнеркәсіптік әріптестікті кеңейту перспективалары талқыланды.

Саммит қорытындысы бойынша қатысушылар Париж саммитінің халықаралық әріптестікті дамытуға және болашақтың тұрақты және төмен көміртекті энергетикалық жүйесінің негізгі элементтерінің бірі ретінде азаматтық атом энергетикасын ілгерілетуге бағытталған бірлескен мәлімдемесін қабылдау бастамасын құптады.