
Алматы қаласына жұмыс сапары аясында Қазақстан Республикасының Атом энергиясы жөніндегі агенттігінің төрағасы Алмасадам Сәтқалиев Ядролық физика институтының ұжымымен кездесу өткізді. Кездесудің негізгі тақырыбы Конституциялық реформа және алдағы республикалық референдум мәселелері болды.
Кездесу барысында мемлекеттік басымдықтар жүйесінде ғылым, білім және инновациялардың рөлін күшейтуге бағытталған реформаның негізгі ережелері жан-жақты түсіндірілді. Агенттік төрағасы атап өткендей, Қазақстан терең трансформация кезеңінде тұр. Мемлекет басшысының бастамасымен елдің ұзақ мерзімді даму бағытын айқындайтын ауқымды Конституциялық реформа жүзеге асырылуда. Алғаш рет конституциялық деңгейде ғылымның, білімнің, инновациялардың және адами капиталдың тұрақты өсім мен технологиялық егемендіктің негізі ретіндегі стратегиялық маңызы бекітілуде.
Атом саласының алдында тұрған міндеттерге ерекше назар аударылды. Басым бағыттар ретінде зерттеу инфрақұрылымын дамыту, реакторлық базаны жаңғырту, радиофармацевтикалық өндірістің толық циклін қалыптастыру, ядролық медицинаны дамыту, жаңа буын мамандарын даярлау және халықаралық ынтымақтастықты кеңейту айқындалды.
Алмасадам Сәтқалиев бүгінде Ядролық физика институты еліміздегі атом ғылымы мен технологияларын дамытудың негізгі орталықтарының бірі екенін атап өтті. Мұнда іргелі зерттеулерден бастап ядролық медицина, материалтану және радиациялық технологиялар саласындағы қолданбалы әзірлемелерге дейінгі әлемдік деңгейдегі жобалар жүзеге асырылуда. Бұл – тек ғылыми жетістіктер мен технологиялық шешімдер ғана емес, сонымен қатар халықтың өмір сүру сапасы мен ұзақтығын арттыруға, әлеуметтік мәні бар ауруларды ерте диагностикалау және емдеу мүмкіндіктерін кеңейтуге, ұлт денсаулығын нығайтуға әрі адами капиталды дамытуға қосылған үлес.
Кездесу соңында алдағы республикалық референдумның елдің институционалдық және технологиялық дамуы үшін маңызды мәнге ие екені атап өтілді. Ғылыми қауымдастықтың жалпыхалықтық үдерістерге қатысуы Қазақстанның орнықты әрі білімге негізделген даму моделін қалыптастыруға қосылатын маңызды үлес ретінде қарастырылатыны айтылды.