
2026 жылғы 26 ақпанда Қазақстан Республикасы Атом энергиясы жөніндегі агенттігінің басшылығы «Қазатомөнеркәсіп» АҚ-ның еншілес және тәуелді ұйымдарының басшыларымен кездесу өткізді. Кездесу ядролық қаруды таратпау режимі мен ядролық физикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелеріне арналды.
Кездесудің негізгі тақырыбы – «Сенімді және тиімді ядролық физикалық қауіпсіздік режимін қалыптастырудағы жоғары қауіпсіздік мәдениетінің маңызы» болды. Жаһандық энергетикалық трансформация жағдайында және Қазақстанның табиғи уран өндіру бойынша әлемдік көшбасшы ретіндегі мәртебесін ескере отырып, халықаралық стандарттарды сақтау инвестициялық тартымдылық пен ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің негізгі факторына айналуда.
Өз сөзінде ҚР Атом энергиясы жөніндегі агенттігі төрағасының орынбасары Ғұмар Серғазин Қазақстанның әлемдік атом саласында айрықша орын алатынын атап өтті. Табиғи уран өндіру бойынша жаһандық көшбасшы мәртебесі елге ерекше жауапкершілік жүктейді әрі халықаралық қауымдастықтың жіті назарында болуын талап етеді. Осы жағдайларда «Қазатомөнеркәсіп» АҚ еншілес ұйымының бірінші басшысы үшін ядролық физикалық қауіпсіздік мәселелерін терең түсіну басқарушылық тұрғыдан аса маңызды құзыреттердің біріне айналады.
«Ядролық физикалық қауіпсіздік – бұл жай ғана нормалар мен талаптар жиынтығы емес, бұл – жаһандық сенім мәселесі. Атом саласындағы қауіпсіздік мәдениеті әрдайым бірінші басшыдан басталады. Басқарушылардың ядролық физикалық қауіпсіздіктің барлық қағидаттарын терең түсініп, мүлтіксіз сақтау арқылы ғана біз стратегиялық ресурсымыздың тұрақтылығы мен қорғалуын қамтамасыз ете аламыз», – деді Ғұмар Серғазин.
Іс-шара барысында ядролық қаруды таратпау режимі мен ядролық физикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелеріне ерекше назар аударылды. Физикалық қорғаудың сенімді әрі тиімді жүйесін қалыптастыру ұлттық заңнама мен ратификацияланған халықаралық конвенциялар шеңберінде басшылардың тікелей жауапкершілігі болып табылады.
Мемлекеттік орган мен бизнес арасындағы ашық диалог мүмкіндігі қатысушыларға халықаралық нормаларды ұлттық стандарттарға имплементациялау тетіктерін жан-жақты қарастыруға және атом саласы кәсіпорындарында ядролық физикалық қауіпсіздіктің мінсіз режимін сақтау бойынша практикалық қадамдарды талқылауға мүмкіндік берді.