
Келіссөздер барысында тараптар атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану, ядролық ғылым мен технологияларды дамыту, сондай-ақ ядролық және радиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласында тәжірибе алмасу бағытындағы екіжақты ынтымақтастықтың қазіргі жай-күйі мен перспективаларын талқылады.
Агенттік Төрағасы Қазақстан Республикасы мен Франция Республикасы арасындағы стратегиялық әріптестіктің жоғары деңгейін атап өтіп, Францияның бейінді мемлекеттік құрылымдарымен және атом саласындағы жетекші компанияларымен өзара іс-қимылдың маңыздылығына айрықша тоқталды.
Өз кезегінде Сильван Гиоге мырза француз тарапының Қазақстанмен ынтымақтастықты тереңдетуге, соның ішінде атом энергетикасы, ғылыми зерттеулер, кадр даярлау және озық технологиялық шешімдерді енгізу салаларындағы бірлескен жобаларды іске асыруға мүдделі екенін растады.
Кездесу нәтижесінде тараптар өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге, институционалдық диалогты нығайтуға және бейбіт атомды дамыту мен халықаралық әріптестікті күшейтуге бағытталған бірлескен бастамаларды іске асыруға дайын екендіктерін білдірді.