Қазақстан мен Франция арасындағы ғылыми әріптестік жаңа деңгейге көтерілуде

Қазақстан мен Франция арасындағы ғылыми әріптестік жаңа деңгейге көтерілуде

Қазақстан Республикасы Атом энергиясы жөніндегі агенттігінің төрағасы Алмасадам Сәтқалиев бастаған қазақстандық делегация Франция Республикасының Гренобль қаласында орналасқан жетекші халықаралық ғылыми-зерттеу орталықтары: European Synchrotron Radiation Facility (ESRF) және Institut Laue-Langevin (ILL) мекемелерінде болды. Делегация құрамына Қазақстан Республикасының Ядролық физика институтының өкілдері кірді.

ESRF-ке сапары барысында делегация әлемдегі ең ірі синхротрондық сәулелену қондырғыларының бірінің мүмкіндіктерімен танысты. Бұл қондырғы аса жарық рентген сәулелеріне қол жеткізіп, іргелі және қолданбалы зерттеулер жүргізуге мүмкіндік береді. ESRF жыл сайын әлемнің түкпір-түкпірінен шамамен 10 000 ғалым пайдаланатын бірегей ғылыми кешен. Ол материалдардың құрылымы мен қасиеттерін атомдық деңгейде бұзбай зерттеуге, сондай-ақ жылдам жүретін процестерді нақты уақыт режимінде бақылауға мүмкіндік береді.

Сапар аясында материалдар құрылымының уақыт бойынша қалыптасуын зерттеуге, ішкі қабаттар мен жасырын интерфейстерді, сондай-ақ өңдеу процестерін талдауға арналған заманауи эксперименттік қондырғылар көрсетілді. Бұл қондырғылар микроэлектроникада, денсаулық сақтау саласында, энергетикада, экологияда, археологияда, авиация және ғарыш салаларында кеңінен қолданылады.

Сондай-ақ Қазақстан Республикасы Атом энергиясы жөніндегі агенттігінің төрағасы мен Institut Laue-Langevin Бас директоры арасында екіжақты кездесу өтті. Кездесу барысында қазақстандық тарап Агенттіктің өкілеттіктері мен Қазақстан Республикасының атом саласын бейбіт мақсатта дамыту жөніндегі көзқарасын таныстырды.

Француз тарапы нейтрондық зерттеулер саласындағы әлемдік көшбасшылардың бірі саналатын Institut Laue-Langevin қызметінің негізгі бағыттары мен даму перспективаларын таныстырды. Институттың жылдық бюджеті 100 млн еуродан асады және оны үш ассоциацияланған ел  Франция, Германия және Ұлыбритания басқарады. ILL пайдаланушылар бағдарламасы қағидаты бойынша жұмыс істейді және денсаулық сақтау, экология, мәдени мұра және кванттық технологияларды дамыту салаларында ғылыми және қолданбалы зерттеулер жүргізу үшін пучок уақытын ұсынады. Зерттеулердің едәуір бөлігі өнеркәсіптік тақырыптарға бағытталған.

Кездесу аяқталғаннан кейін қазақстандық делегацияға қуаты 58 МВт-қа дейінгі зерттеу нейтрондық реакторы және нейтрон сәулесін қолданатын бірқатар жоғары дәлдіктегі эксперименттік құралдар, оның ішінде өте суық және ультрасуық нейтрондар көзі PF2 таныстырылды.

Келіссөздер қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасының Ядролық физика институты базасында Institut Laue-Langevin сарапшылары мен мүдделі қазақстандық ұйымдарды тарта отырып, таныстыру семинарын өткізу туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.