
2025 жылғы 18 желтоқсанда Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің (АЭХА) штаб-пәтерінде (Вена қ., Австрия) Қазақстан Республикасының Атом энергиясы жөніндегі агенттігі төрағасының орынбасары Ғұмар Серғазин бастаған қазақстандық делегация мен АЭХА Бас директорының орынбасары Хуа Людің кездесуі өтті. Делегация құрамына ҚР Атом энергиясы жөніндегі агенттігінің, ҚР Сыртқы істер министрлігінің және Ұлттық ғылыми онкология орталығының (ҰҒОО) өкілдері кірді.
Кездесу барысында Қазақстан мен АЭХА арасындағы ынтымақтастықтың қазіргі жай-күйі мен даму перспективалары, соның ішінде 2026–2027 және 2028–2029 жылдарға арналған техникалық ынтымақтастық бағдарламалары циклдері аясындағы өзара іс-қимыл жоспарлары талқыланды. Кездесуде қазақстандық тарап 2025 жылғы қыркүйекте өткен АЭХА-нің 69-шы Бас конференциясы барысында ҚР Атом энергиясы жөніндегі агенттігінің төрағасы Алмасадам Сәтқалиев пен АЭХА-нің Бас директоры Рафаэль Мариано Гроссидің арасында қол жеткізілген уағдаластықтардың нәтижесінде әзірленген ынтымақтастықтың Жол картасы жобасын таныстырды.
Жол картасы жобасында атом энергетикасын қауіпсіз дамыту және реттеуді күшейту, адами ресурстарды дамыту, ғылыми және оқу инфрақұрылымын жетілдіру, ядролық медицинаны қолдану аясын кеңейту, сондай-ақ қоршаған ортаны қорғау, климаттың өзгеруі, азық-түлік қауіпсіздігі, ветеринария және су ресурстары салаларындағы іс-шараларды іске асыруды қамтитын басым бағыттар көзделген.
Атом электр станцияларын салу және ядролық инфрақұрылымды дамыту бөлігінде қазақстандық тарап ұлттық реттеуші органды күшейту, сондай-ақ атом электр станцияларын жобалау, салу және пайдалану үшін нормативтік-құқықтық базаны әзірлеу және бейімдеу мәселелерінде АЭХА тарапынан одан әрі қолдаудың қажеттігін атап өтті.
АЭХА -мен өткен кездесудің қорытындысы бойынша Жол картасы жобасын талдау және ұсынымдар әзірлеу үшін АЭХА жұмыс тобын қалыптастыруды қоса алғанда, алдағы қадамдар айқындалды.
Қазақстанда ядролық медицина мен онкологиялық көмекті дамыту мәселелеріне ерекше назар аударылды. Қазақстан Республикасының Вена қаласындағы халықаралық ұйымдар жанындағы тұрақты өкілдігінің қолдауымен 17–18 желтоқсан аралығында ҚР Атом энергиясы жөніндегі агенттігінің, ҚР Сыртқы істер министрлігінің және ҰҒОО қызметкерлері үшін АЭХА-нің салалық департаменттерімен үйлестіру кездесулері ұйымдастырылды. Кездесулер барысында қазақстандық делегация негізгі тақырыптық бағыттар бойынша ұсынымдар алды. Денсаулық сақтау дивизионының директоры Мэй Абдель Вахабпен өткен талқылаулар ҰҒОО мен АЭХА арасындағы ядролық медицинаны дамыту саласындағы ынтымақтастық бағыттарын айқындауға мүмкіндік берді. Техникалық ынтымақтастық бағдарламаларын басқару жөніндегі қызметкерлермен өткен кездесулерде ағымдағы ынтымақтастық мәселелері түсіндіріліп, ядролық медицина саласындағы перспективалы ұлттық техникалық ынтымақтастық жобалары белгіленді.
Сапар барысында қазақстандық тарапқа атом энергиясын бейбіт мақсатта тиімді дамыту үшін қажетті институционалдық, құқықтық және ұйымдастырушылық тетіктерді тереңірек түсінуге мүмкіндігі берілді. Өз кезегінде АЭХА осы саладағы Қазақстанның бастамаларын іске асыруға жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екенін растады.