Үлкен ауылында Қазақстанда екінші АЭС салу жобасы бойынша жария тыңдау өтті

Үлкен ауылында Қазақстанда екінші АЭС салу жобасы бойынша жария тыңдау өтті

Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Үлкен ауылы - 2025 жылғы 5 желтоқсан.

Бүгін Үлкен ауылында екінші атом электр станциясының құрылыс ауданын талқылауға арналған жария тыңдау өтті. Іс-шараға ауыл тұрғындары, қоғам қайраткерлері, мәслихат, ҚР Атом энергиясы жөніндегі агенттігі, «Қазақстандық атом электр станциялары» ЖШС, «Ядролық физика институты» РМК-ның өкілдері қатысты.

ҚР Атом энергиясы жөніндегі агенттігі, «Қазақстандық атом электр станциялары» ЖШС-мен бірлесіп негізгі жүктеме қуатына энергия қажеттілігін, геологиялық факторларға, электр желілерінің инфрақұрылымына және елдің өсіп келе жатқан экономикасын тұрақты электр энергиясымен қамтамасыз етуге қажеттілікті ескере отырып, екінші атом электр станциясының ықтимал орналасу орындарына талдау жүргізілді.

Бұл талдау Қазақстан Республикасының атом саласын дамыту мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысында қаралды, оның қорытындысы бойынша екінші АЭС салу үшін аудан ретінде Алматы облысының Жамбыл ауданын айқындау ұсынылды.

Қатысушыларға екінші АЭС салу ауданының таңдалуы бойынша жүргізілген зерттеулер, оның негізгі техникалық мәселелері, ядролық реактордың қауіпсіз жұмысын қамтамасыз ету шаралары, сондай-ақ күтілетін әлеуметтік-экономикалық әсерлер туралы ақпарат ашық және қолжетімді форматта ұсынылды.

Мамандар тұрғындардың сұрақтарына жауап беріп, заманауи реакторлық технологиялар халықаралық стандарттарға сәйкес келетінін және көп деңгейлі қорғаныс жүйелерімен жабдықталғанын атап өтті.

«Қазақстанда 3+ буын реакторлары пайдаланылатын болады, онда қауіпсіздік көп деңгейлі резервтеу, пассивті және белсенді қорғау жүйелерін біріктіру қағидаты бойынша іске асырылады. Қазіргі заманғы реакторларды әлемдік қоғамдастық экологиялық және қауіпсіз деп таныды», - деп атап өтті ҚР Атом энергиясы жөніндегі агенттігі Ядролық энергетика департаментінің директоры Гүлмира Мұрсалова.

«Екінші АЭС құрылысы жергілікті өндірісті елеулі дамытуды қамтамасыз етіп, өңірдегі шағын және орта бизнестің дамуы үшін жағдай жасайды. Дүниежүзілік тәжірибе көрсеткендей, АЭС-тегі бір жұмыс орны экономиканың аралас салаларында 10 жаңа жұмыс орнын құруға ықпал етеді», – деп атап өтті ҚР Атом энергиясы жөніндегі агенттігінің Қазақстандық қамту департаментінің директоры Данияр Жансейтов.

Төмен көміртекті энергияға жаһандық ауысу жағдайында атом генерациясы сенімді және экологиялық таза энергия көзі ретінде қарастырылады.

Жергілікті тұрғындар жобаға қолдау білдіріп, оның жаңа жұмыс орындарын құру, инфрақұрылымды дамыту, өңірде және жалпы ел бойынша энергия тапшылығын азайту үшін маңыздылығын атап өтті.

Тыңдау қорытындысы Алматы облысы мәслихатының қарауына жіберіледі.

«Біз екінші АЭС құрылысын қолдаймыз, өйткені ол тұрғындарымызға жаңа мүмкіндіктер ашып, жұмыс орындарын құрып, энергиямен қамтамасыз ету мәселелерін шешуге көмектеседі.

Жоба инфрақұрылымды дамуға үлес қосып, болашақ ұрпаққа тұрақтылық қамтамасыз етеді», – деп атап өтті Алиев Бағдат Байшалұлы Жамбыл аудандық Қоғамдық кеңес төрағасы.

Қазақстанның атом энергетикасын дамыту стратегиялық маңызды бағыт ретінде қарастырылады. Қазіргі уақытта жоспарланған «Балқаш» бірінші атом электр станциясының ауданында инженерлік-іздестіру жұмыстары жүргізілуде, ал екінші станция жобасын талқылау елдің энергетикалық қауіпсіздігін нығайтуға бағытталған ұлттық энергетикалық стратегияны іске асырудағы дәйекті қадам болып табылады.