Сәтқалиев: Қазақстан толыққанды ядролық отын циклін құруға дайын

Сәтқалиев: Қазақстан толыққанды ядролық отын циклін құруға дайын

Қазақстан тәуелсіз әрі бәсекеге қабілетті атом саласын қалыптастыруға айтарлықтай әлеуетке ие. Бұл туралы Қазақстан Республикасының Атом энергиясы жөніндегі агенттігінің төрағасы Алмасадам Сатқалиев Еңбек күніне арналған «Хабар 24» телеарнасындағы телемарафонның тікелей эфирінде айтты.

Республика әлемдегі барланған уран қоры ең ірі елдердің қатарына жатады, оны өндіру және қайта өңдеу инфрақұрылымы дамыған, ядролық отын өндіру, қуатты ғылыми-зерттеу және технологиялық база, сондай-ақ ядролық қондырғыларды пайдалану тәжірибесі мен білікті мамандары бар.

«Бұл ресурстар ұлттық ядролық бағдарламаны іске қосу мен дамытуға мықты іргетас қалыптастырады. Осы негізде біз уран өндіруден және ядролық отын өндіруден бастап атом электр станцияларында электр энергиясын өндіруге дейінгі ядролық-отын циклының тізбегін одан әрі дамытамыз. Бұл ретте Қазақстанның атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы халықаралық міндеттемелерін, таратпау режимін және АЭХА ұсынымдарын қатаң сақтаймыз», – деп атап өтті Сатқалиев.

Оның айтуынша, жалпы ядролық саланы дамыту үшін ғылымды, өндірісті және қолданбалы технологияларды қатар ілгерілететін ядролық кластерлер құру мүмкіндігі қарастырылуда. Ерекше назар отандық жоғары білікті кадрларды жүйелі даярлауға және жаңа жұмыс орындарын ашуға аударылатын болады.