Бұл туралы Қазақстан Республикасының Атом энергиясы жөніндегі агенттігінің төрағасы Алмасадам Сәтқалиев Еңбек күніне арналған «Хабар 24» телеарнасындағы телемарафонның тікелей эфирінде айтты.
Қазақстан атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану жөніндегі халықаралық жобаларға белсенді қатысып келеді. 1994 жылдан бастап еліміз Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік (АЭХА) мүшесі болып табылады және оның бағдарламаларына тұрақты түрде қатысады. Қазақстан табиғи уран өндіру бойынша жетекші орындарды иеленіп қана қоймай, АЭХА-ның төмен байытылған уран Банкін орналастыру арқылы жаһандық ядролық қауіпсіздікті нығайтуға атсалысып, ядролық қаруды таратпау режімін дәйекті түрде қолдап келеді.
«ҚР Ұлттық ядролық орталығы» республикалық мемлекеттік кәсіпорны үш ғылыми институтты және 1800-ден астам маманды біріктіреді. Олар АЭХА, ITER, JAEA және АҚШ ұлттық зертханаларының бағдарламаларын қоса алғанда, халықаралық ғылыми жобаларды іске асырады. Орталық ядролық қауіпсіздік, басқарылатын термоядролық синтез, радиациялық материалтану, сутек технологиялары, нысандарды қауіпсіз шығару, радиоактивті қалдықтарды басқару және экологиялық мониторинг салаларында зерттеулер жүргізеді. Соңғы жылдары «ИМПУЛЬС», «ТиГрА», ИВГ.1М зерттеу реакторы сияқты негізгі қондырғылар жаңғыртылды, токамак кешенінің мүмкіндіктері кеңейтілді.
«Ядролық физика институты» РМК ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстардың толық циклін орындайды, медициналық және өнеркәсіптік изотоптар (Mo-99, I-131, F-18, Ir-192 және т.б.) өндіру технологияларын дамытады, нейтрондық талдау, радиациялық стерилизация және диагностика әдістерін енгізеді, ядролық және термоядролық реакторларға арналған болашағы зор материалдарды сынақтан өткізеді. Институт АЭХА жобаларына қатысып қана қоймай, сондай-ақ JAEA, Marubeni Utility Services, Карлсруэ технологиялық институты және ITER жобасымен ынтымақтасады. 2024 жылы АЭХА желісі бойынша Қырғызстанға молибден-99/технеций-99 генераторларын жеткізу басталды.