Қазақстан АЭХА-ның 69-шы Бас конференциясында атом энергетикасының жаңа даму кезеңін жариялады
Қазақстан Вена қаласында өткен Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің (АЭХА) 69-шы Бас конференциясында сөз сөйлеп, бейбіт атомға, жаһандық қауіпсіздікке және тұрақты дамуға бейілділігін растады.
Қазақстан делегациясының басшысы, Қазақстан Республикасының Атом энергиясы жөніндегі агенттігінің төрағасы Алмасадам Майданұлы Сәтқалиев АЭХА Бас директоры Рафаэль Мариано Гроссиге және оның командасына алғыс білдіріп, Конференция Бюросының жаңадан сайланған мүшелерін құттықтады.
Қазақстан соңғы отыз жылдан астам уақыт бойы ядролық технологияларға жауапты көзқарас саясатын дәйекті түрде жүргізіп келеді. Әлемдегі көлемі жағынан төртінші ядролық арсеналдан өз еркімен бас тарту, Семей сынақ полигонын жабу және Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық күнді жариялау бастамасы елді ядролық қаруды таратпау ісінде сенім мен моральдық көшбасшылықтың символына айналдырды.
Биылғы жылдың маңызды оқиғасы – атом электр станциясының құрылысына қатысты алғашқы ұлттық референдум болды. Оның қолдау табуы елдің энергетикалық дамуының жаңа кезеңін ашты.
«Атом энергетикасы – бұл тек сенімді энергия көзі ғана емес, сонымен қатар климаттың өзгеруіне қарсы күрестегі стратегиялық құрал. Қазақстан 2060 жылға қарай көміртекті бейтараптыққа қол жеткізуді мақсат етіп отыр, осы өтпелі кезеңде атом энергетикасы шешуші рөл атқарады», – деп атап өтті делегация басшысы.
Саланы жүйелі дамыту мақсатында Қазақстан Республикасының Атом энергиясы жөніндегі агенттігі құрылды, ұлттық ядролық кластер қалыптасуда және атом саласын дамыту стратегиясы әзірленуде. Бұл құжат атом электр станциясын салуды, ядролық технологияларды медицина мен өнеркәсіпте дамытуды, радиоактивті қалдықтармен қауіпсіз жұмыс істеуді және кадр даярлауды қамтиды.
Қазақстан жаһандық ядролық қауіпсіздік жүйесінің маңызды қатысушысы болып қала береді – ел аумағында халықаралық энергетикалық тұрақтылықты нығайтатын АЭХА-ның төмен байытылған уран банкі жұмыс істейді.
Қазақстанның Ұлттық ядролық орталығы басқарылатын термоядролық синтезді қоса алғанда, болашақ технологияларын әзірлеу және ITER бағдарламасына қатысу арқылы халықаралық зерттеу алаңына айналуда. Ядролық медицинаны дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Қазақстан АЭХА-мен бірлесіп радиофармацевтикалық препараттар өндірісін кеңейтіп, онкологиялық ауруларды диагностикалау мен емдеуді ел ішінде де, өңірде де қолжетімді етіп отыр. 2024 жылы Қазақстанның Ядролық физика институты алғаш рет АЭХА тапсырысы бойынша технеций-99m генераторын экспорттап, ядролық медицинаны дамытуға елеулі үлес қосты.
Қазақстан жаңа буын мамандарын даярлаудың заманауи жүйесін құрып, ғылыми-білім беру әлеуетін нығайтып, ұлттық бағдарламалардың жаһандық білім беру кеңістігіне интеграциялануына жағдай жасауда.
«Қазақстан өз ядролық саясатын АЭХА-ның халықаралық стандарттарына негіздейді, ашықтық пен халықаралық ынтымақтастықты дамытады. Бейбіт атом – бұл біздің ұлттық болашағымыздың бір бөлігі әрі адамзаттың ортақ болашағына қосқан үлесіміз – қауіпсіз, таза және ядролық қарудан азат әлем», – деп қорытындылады делегация басшысы.