Ақтауда Батыс Қазақстан өңіріндегі алғашқы позитрон-эмиссиялық томография (ПЭТ/КТ) орталығы өз жұмысын бастады. Орталықтың ашылуы Orhun Medical компаниясы, Маңғыстау облысының әкімдігі және ҚР Атом энергиясы жөніндегі агенттігі Ядролық физика институты арасындағы серіктестіктің нәтижесінде мүмкін болды.
Орталықтың жұмысындағы негізгі элемент – Ядролық физика институты өндіретін фтордезоксиглюкоза (18F) радиофармацевтикалық препараты. Ол онкологиялық ауруларды ерте кезеңде анықтауға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, Институт Алматы, Астана, Семей және Шымкент қалаларында қолданылатын «Натрий пертехнетаты Тс-99» (технеций-99 генераторы), «Натрий йодиді I-133» және «Фтордезоксиглюкоза F-18» радиофармацевтикалық препараттарын шығарады. Енді осы географияға Ақтау қаласы да қосылды. Бұл – отандық ядролық медицинаны дамытудағы және Қазақстан азаматтарына көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттырудағы маңызды қадам.