Үлкенде басталған инженерлік іздестіру жұмыстары – заманауи ірі қуатты атом электр станциясын салу жобасының алғашқы кезеңі.
2025 жылғы 8 тамызда Алматы облысының Жамбыл ауданындағы Үлкен ауылында ірі қуатты атом электр станциясын салу жобасы аясындағы алғашқы жұмыстар – станция құрылысына арналған оңтайлы алаңды айқындау және жобалық құжаттаманы әзірлеу мақсатындағы инженерлік іздестірулер басталды. Іс-шараға Қазақстан Республикасы Атом энергиясы жөніндегі агенттігінің төрағасы Алмасадам Сәтқалиев және «Росатом» мемлекеттік корпорациясының бас директоры Алексей Лихачёв қатысты.
«Росатомның» Инжинирингтік дивизионының мамандары алғашқы барлау ұңғымасын бұрғылап, топырақ сынамаларын алу жұмыстарына кірісті. Бұл зерттеулер аумақтың сейсмикалық тұрақтылығын, гидрогеологиялық ерекшеліктерін және өзге де параметрлерін бағалауға мүмкіндік береді. Мұндай бағалау болашақ станцияның сенімділігі мен қауіпсіздігін қамтамасыз етудің міндетті шарты болып табылады. Осы кезеңде кемінде 50 ұңғыма бұрғыланып, олардың тереңдігі 30-дан 120 метрге дейін жетеді. Алынған деректердің негізінде АЭС-тің нақты орналасу орны айқындалады.
Инженерлік іздестірулердің басталуы – АЭС жобасының қауіпсіздігіне, сенімділігіне және экономикалық тиімділігіне тікелей әсер ететін маңызды кезең. Дәл осы жұмыста аумақтың геологиялық, сейсмикалық, гидрологиялық және экологиялық сипаттамалары кешенді түрде зерттеледі. Зерттеу нәтижелері станцияны орналастыру жөніндегі түпкілікті шешім қабылдауға негіз болады. Бұл іздестірулер жобаның халықаралық және ұлттық стандарттарға сәйкестігін қамтамасыз етіп, экологиялық және техногендік қауіптерді азайтуға, болашақ атом электр станциясын тиімді жобалауға мүмкіндік береді.
Алмасадам Сәтқалиев салтанатты шараға қатысушы қонақтар мен жергілікті тұрғындарға арнаған сөзінде:
«Бүгінгі күн – тек алғашқы қадам, бірақ дәл осы қадам Қазақстанның экономикасында жаңа жоғары технологиялық саланы қалыптастыру жолын айқындайды. Біз АЭС құрылысы заманауи инфрақұрылымнан бастап жаңа мектептер, балабақшалар мен әлеуметтік нысандарға дейін өңірдің дамуына қуатты серпін береді деп сенеміз. Бұл жоба – Қазақстанның стратегиялық таңдауы, өңір мен елдің ұзақ мерзімді экономикалық өсімінің драйвері», -деп атап өтті.
«Үлкендегі инженерлік іздестірулердің басталуы – Қазақстанның заманауи тарихындағы алғашқы ірі қуатты атом электр станциясына бастайтын жолдың алғашқы қадамы. Бұл кезеңде біз алаңның болашақ атом станциясы үшін толықтай қолайлы екеніне сенімді болу мақсатында мұқият зерттеуге баса назар аударамыз. “Росатом” Қазақстанның дамуы үшін стратегиялық маңызы зор осы жобаны жүзеге асыруға бар тәжірибесін қолдануға дайын», – деді «Росатом» мемлекеттік корпорациясының бас директоры Алексей Лихачёв.
Болашақ станцияның негізінде электр қуаты 1200 МВт болатын III+ буынның заманауи ВВЭР-1200 су-су энергетикалық реакторлары орнатылады. Бұл технология ең қатаң халықаралық қауіпсіздік талаптарына сай және қазіргі уақытта Ресей, Беларусь, Түркия, Бангладеш, Мысыр және Қытайдағы қолданыстағы әрі салынып жатқан нысандарда табысты пайдаланылып келеді. Реактордың қызмет ету мерзімі – 60 жыл, қосымша 20 жылға ұзарту мүмкіндігі бар.
Еске сала кетейік, 2025 жылғы маусымда «Росатом» Қазақстандағы АЭС құрылысы жөніндегі халықаралық консорциумның жетекшісі болып айқындалды.