Қазақстан Республикасының Атом энергиясы жөніндегі агенттігі мен «Росатом» Қазақстанда АЭС салу жөніндегі жол картасын бекітті

Қазақстан Республикасының Атом энергиясы жөніндегі агенттігі мен «Росатом» Қазақстанда АЭС салу жөніндегі жол картасын бекітті

2025 жылғы 20 маусымда Санкт-Петербург халықаралық экономикалық форумы аясында Қазақстан Республикасының Атом энергиясы агенттігінің төрағасы Алмасадам Сәтқалиев пен «Росатом» мемлекеттік корпорациясының бас директоры Алексей Лихачёв Қазақстан Республикасында атом электр станциясын салу жобасын іске асыру мәселелері бойынша кездесу өткізді.

Кездесу барысында жобаны дайындау және іске асыру кезеңдерін қамтитын индикативтік жол картасы бекітілді. Құжатта инженерлік-іздестіру жұмыстарын жүргізу, EPC-шарт жасасу және жобалық құжаттаманы әзірлеу көзделген.

Сондай-ақ, «Қазақстандық атом электр станциялары» ЖШС («ҚАЭС») мен «Росатом» мемлекеттік корпорациясының инжинирингтік компаниясы – «Атомстройэкспорт» АҚ арасында Алматы облысының Жамбыл ауданында жобаны іске асыруға байланысты ынтымақтастықтың негізгі қағидаттарын айқындайтын негіздемелік келісімге қол қойылды.

Аталған стратегиялық жоба бейбіт мақсаттағы атом энергиясын пайдалану саласындағы мемлекетаралық ынтымақтастық аясында жүзеге асырылады және Қазақстанның энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен ел экономикасын декарбонизациялау жөніндегі стратегиялық міндеттерге қол жеткізуге бағытталған. Тараптар бұл жобаның еліміз үшін стратегиялық маңыздылығын және оны жедел іске асыру қажеттігін атап өтті.

«Қазақстанда атом электр станциясын салатын халықаралық консорциумды басқару құқығын сеніп тапсырғаны үшін Қазақстан тарапына алғысымызды білдіреміз. Қазақстан – атом саласындағы біздің сенімді тарихи серіктесіміз. Сенімділігі, қауіпсіздігі және тиімділігі дәлелденген ресейлік ядролық технологиялар Қазақстан халқының игілігіне қызмет етіп, елдің энергетикалық егемендігін нығайтады деп сенеміз», – деді «Росатом» мемлекеттік корпорациясының бас директоры Алексей Лихачёв.

«Қазақстанда атом станциясын салу – еліміздің энергетикасын орнықты дамытуды қамтамасыз етуге бағытталған кешенді стратегияның бір бөлігі. Біз қауіпсіздіктің жоғары деңгейін және өндірісті жергіліктендіруді қамтамасыз ету үшін серіктестерімізбен тығыз әрі ашық ынтымақтастыққа сенім артамыз», – деп атап өтті Қазақстан Республикасының Атом энергиясы жөніндегі агенттігінің төрағасы Алмасадам Сәтқалиев.

Анықтама үшін: «Росатом» мемлекеттік атом энергиясы корпорациясы – энергетика, машина жасау, құрылыс және өзге де салалардағы активтерді біріктіретін көпсалалы холдинг. Корпорация АЭС салу бойынша әлемдегі ең ірі тапсырыстар портфеліне ие: қазіргі таңда 10 елде түрлі кезеңдерде 39 энергетикалық блоктың (оның ішінде 6 шағын қуатты блок) құрылысы жүргізілуде.