2025 жылғы 9 маусымда Астанада Қазақстан Республикасының Атом энергиясы жөніндегі агенттігінің төрағасы Алмасадам Сәтқалиев пен Иорданияның Атом энергиясы жөніндегі комиссиясының төрағасы доктор Халед Тукан кездесті.
Келіссөз барысында тараптар атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы Қазақстан мен Иордания арасындағы ынтымақтастықтың қазіргі жай-күйі мен даму перспективаларын талқылады.
Кездесу аясында екі елдің реттеуші органдары арасындағы өзара іс-қимылға ерекше назар аударылды. Иордания тарапы ядролық медицинада қолданылатын радиофармацевтикалық препараттар мен радиоизотоптарды өндіруге арналған зерттеу реакторларын пайдалану тәжірибесімен алмасуға, шағын модульдік реакторларды дамытуға, сондай-ақ радиациялық қорғау мен ядролық қауіпсіздік мәселелерінде бірлесіп жұмыс істеуге қызығушылық білдірді.
Алмасадам Сәтқалиев Қазақстанда Атом энергиясы жөніндегі агенттігі және саланың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін реттеуші орган – Атомдық қадағалау және бақылау комитеті құрылғанын атап өтті. Ол еліміздегі халықаралық стандарттар мен озық тәжірибелерді енгізуге, сондай-ақ реттеу, экологиялық тұрақтылық және ядролық қауіпсіздік саласындағы тиімді жүйелерді дамытуға басымдық беріп отырғанын жеткізді.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар екіжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға мүдделі екендерін растады.
Еске салайық, 2025 жылғы 19 ақпанда Мемлекет басшысының Амман қаласына ресми сапары аясында Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігі мен Иорданияның Атом энергиясы жөніндегі комиссиясы арасында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылған болатын. Құжат бейбіт атом саласындағы ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын – кадр даярлау, ғылыми зерттеулер, радиациялық қауіпсіздік және уран кен орындарын барлау мәселелерін қамтиды.
Иордания делегациясының бұл сапары екі елдің уәкілетті ведомстволары арасындағы тұрақты серіктестікті қалыптастыру жолындағы маңызды қадам болды.