Елордалық оқушыларға жаз мезгіліндегі қауіпсіздік ережелері ескертілді

Елордалық оқушыларға жаз мезгіліндегі қауіпсіздік ережелері ескертілді

«Заң және тәртіп» нарративі аясында, балалардың жазғы демалысын қауіпсіз өткізу мен оларды ақпараттандыру мақсатында елордадағы №6 мектеп-гимназиясында «Қауіпсіздік жаздың әліппесі» атты іс-шара өтті, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты.

Іс-шараға құқық қорғау органдарының қызметкерлері, №2 қалалық емхана, ТЖД және медициналық колледж өкілдері қатысты.

Шара квест-ойын форматында ұйымдастырылып, 6 бағыт (станция) бойынша жұмыс жүргізілді:
Өрт қауіпсіздігі;
Жол қозғалысы ережелері (викторина, белгілер);
Жолдағы жағдайлар (ЖҚЕ);
Су айдындарындағы қауіпсіздік;
Абай болыңыз: жәндіктер!;
Заң және тәртіп (құқықбұзушылықтың алдын алу).

«Жазғы кезеңде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – ата-аналармен қатар, білім беру ұйымдары мен мемлекеттік құрылымдардың ортақ міндеті. «Қауіпсіздік жаздың әліппесі» іс-шарасы – бұл өзектілігі жоғары, тәжірибелік мәні бар жоба», – дейді №6 мектеп-гимназиясының директоры Қамажай Қуанышқалиқызы.

Іс-шара соңында Бөгенбай батыр даңғылы жағында ұзындығы 30 метрлік билборд орнатылып, балалар «Қауіпсіздік жаздың әліппесі» тақырыбы аясында жаз мезгіліндегі қауіпсіздік ережелерін құрастырды.