«Барыс Арена» бассейнінде 12-16 мамыр аралығында 2011 жылы туған және одан кіші қыздар арасында су добынан Қазақстан Республикасының чемпионаты өтті. Жарысқа Алматы, Тараз, Семей, Орал, Өскемен және Астана қалаларынан командалар қатысты, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Астана атынан жарысқа Тимур Ярцев пен Маулен Тұрғынбаевтың жетекшілігіндегі спорт мектебінің тәрбиеленушілері қатысты. Тартысқа толы бәсекеде астаналық қыздар жоғары шеберлік, командалық үйлесім және жеңіске деген жігер көрсетіп, жарыстың аяқталуына дейін-ақ чемпион атанды. Бұл алтын медальдар – Астана командасы үшін соңғы 15 жылдағы алғашқы жеңіс, сондықтан бұл жетістік қала мен Astana су добы клубы үшін тарихи оқиға болды.
Марапаттау рәсімі салтанатты жағдайда өтті. Жарысқа қатысушыларға Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Азамат Ағзамов құттықтау сөз арнады. Ол қыздарды лайықты өнер көрсетулерімен құттықтап, жаттықтырушыларға, ұйымдастырушыларға және ата-аналарға балалар спортын дамытуға қосқан үлесі үшін алғысын білдірді.
«Бүгін біз нағыз спорт мерекесінің куәсі болдық. Бұл – еңбек, табандылық және жеңіске деген ұмтылыстың жемісі. Барлық қатысушыларды сәтті өнер көрсетуімен құттықтаймын. Жетістіктеріңізге тоқтап қалмай, спорт жолында жаңа белестерге жете беріңіздер», – деді ол өз сөзінде.
Турнир аясында жеке номинациялар бойынша марапаттар да табысталды:
Үздік шабуылшы – Дария Кубенова (Астана);
Үздік қорғаушы – Алина Дурасова (Алматы);
Ең пайдалы ойыншы (MVP) – Камила Алимбетова (Тараз);
Үздік қақпашы – Қабдолдаева Айым (Өскемен).
Астаналық команданың жеңісіне ерекше үлес қосқан Дария Кубенова турнир барысында көшбасшылық қасиеті мен сенімді ойынымен көзге түсті.
Чемпионаттың қорытынды кестесі:
1-орын – Астана;
2-орын – Алматы;
3-орын – Тараз.