Астана қаласы Дене шынықтыру және спорт басқармасына қарасты №7 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің ұжымы мен спортшылары «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында табиғатты аялауға бағытталған маңызды іске үлес қосты, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Мектеп ауласында өткен сенбілік аясында «Аспан» спорт кешенінің алдына шырайгүл сұрыпты гүлдер отырғызылып, айналаны абаттандыру жұмысы жүргізілді. Көздің жауын алатын бұл гүлдің басты ерекшелігі – ұзақ уақыт бойы гүлдеп тұруы мен сәндік келбеті. Мұндай бастама қала келбетін көркейтіп қана қоймай, жас ұрпаққа экологиялық мәдениетті сіңірудің бір жолы болып отыр.
«Бүгін мектебіміздің ауласында шырайгүл гүлдерін отырғызып, қоршаған ортаны көркейтуге тағы бір игі қадам жасадық. Аталған шара – салауатты өмір салты мен қоршаған ортаға деген жауапкершілікті қатар ұштастырған өнегелі бастама. Жастардың экологиялық сана-сезімін арттыру, туған жерге деген сүйіспеншілігін ояту – дәл осындай қарапайым, бірақ мағыналы істерден басталады», – дейді мектеп басшысы Серік Халелов.
Игі іске спортшылар да белсенді қатысып, өз үлестерін қосты. Атап айтқанда, самбо бөлімінің спортшысы, қалалық жарыстардың бірнеше дүркін жүлдегері Азатбек Айқын мен джиу-джитсу бөлімінің спортшысы, Азия чемпионы Ермек Рахат гүл отырғызу шарасына қатысып, ұжымдық еңбекке қолдау білдірді.