Елордада «Таза Қазақстан. Астана – тазалық пен тәртіптің үлгісі» атты ауқымды акция аясында «Атырау» көпірінде «Су – тіршілік көзі» атты ерекше фотокөрме ашылды. Көрмеде елордада су тапшылығы жағдайында болатын қорқынышты салдарлар көрсетілген, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.
Көрмені «Астана Жастары» жастар ресурстық орталығы ұйымдастырды. Мұнда жасанды интеллект арқылы 30 жылдан кейін Астананың тұщы су тапшылығы кезінде қандай күйде болуы мүмкін екені көрсетілген.
Экспозиция болашақтағы мүмкін болатын сценарийді сипаттайды, бірақ оны болдырмау үшін қазірден бастап әрекет ету қажеттігі туралы хабар береді.
«Біз осылайша астаналықтардың назарын тұщы су тапшылығы сияқты жаһандық мәселеге аударуды мақсат еттік. Көрме әрбір адамның өз қаласының болашағы үшін жеке жауапкершілігін сезінуге шақырып, табиғи ресурстарды үнемді пайдалануға ынталандыруы тиіс», – деді «Астана Жастары» маманы Айсұлу Қайыр.
Әрбір картина климаттың өзгеруі, экологиялық болжамдар мен урбанистикалық трендтер туралы деректер негізінде жасанды интеллект көмегімен дайындалды.
«Картиналар шынымен де жағымсыз әсер қалдырады және болашақ туралы ойлануға мәжбүр етеді. Себебі 30 жыл – қысқа уақыт, ал бұл жаһандық мәселе егер бүгіннен бастап ресурстарды үнемдемесек, Астана тұрғындарының әрқайсысына зардабын тигізуі мүмкін», – деп өз әсерімен бөлісті жергілікті тұрғын Әлия Аязбекова.