«Бұл – жүрек қалауымен таңдалатын мамандық»: Астанада педагогикалық өтілі 125 жыл болған ұстаздар династиясы бар

«Бұл – жүрек қалауымен таңдалатын мамандық»: Астанада педагогикалық өтілі 125 жыл болған ұстаздар династиясы бар

Астаналық Сәрсембековтер әулеті – ұстаздық жолға өмірін арнаған педагогтер династиясы. Отбасында алты бірдей мұғалім бар. Ортақ педагогикалық еңбек өтілі 125 жыл болған, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Әулеттің ақсақалы Мұратқали Сәрсембеков 35 жылдық еңбегін ұстаздыққа арнаған. Осындай отбасыға келін болып түскенін Лаура Сәрсембекова мақтанышпен айтады.

«Ұстаздар отбасына келін болып түскеніме мақтанамын. Атам – Мұратқали Сәрсембеков 35 жылдан бері химия және биология пәндерін оқытып, шәкірт тәрбиелеп келеді. Атамның ұстаздық қызметіне шын берілгендігі бізді тәнті етеді. Қазір атам зейнет демалысында, 2014 жылы зейнеткерлікке шықты. Бірақ зейнетке шыққанымен, білім мен тәрбиені насихаттаудан, ізбасарларына бағыт-бағдар көрсетуден еш шаршамаған жан. Оның еңбекқорлығы мен қарапайымдылығы – біз үшін әрдайым үлгі. Атамның жұбайы, менің енем, Зияш Сәрсембекова да – білім саласының майталманы. Математика пәнінің мұғалімі ретінде талай буынды тәрбиелеп, ғылымға баулыған, сабырлы мінезімен, терең білімімен ұжымның да, оқушының да құрметіне бөленген жан. Енем 2012 жылы зейнеткерлікке шықты. Ол кісінің шәкіртке деген ыстық ықыласы, пәнге деген сүйіспеншілігі – бүгінгі жас мұғалімдерге нағыз тәлім», - деді әулеттің келіні Лаура.

Мұратқали мен Зияш Сәрсембековтер үш ұл тәрбиелеп өсірген. Ардагер ұстаздардың тұңғыш ұлы – Ерлан Сәрсембеков – Астанадағы Міржақып Дулатұлы атындағы №68 мектеп-гимназиясының дене шынықтыру пәні мұғалімі.

«Атам мен енемнің шаңырағында үш бала тәрбиеленіп, үлкен өмірге қанат қақты. Әрқайсысы өз жолын тапты, ата-анамыздың берген тәрбие мен тәлімін бойына сіңіріп, ұлағатты ұстаздық жолды таңдады. Бүгінде сол ұлдарынан өрбіген 8 немере ата-әже мейіріміне қанып өсіп жатыр. Ата-әжесінің тәлім-тәрбиесі немерелерінің бойына да сіңіп, олар да білімге құштар, тәрбиелі ұрпақ болып қалыптасып келеді. Бүгінде үлкен қызымыз Медина Мұратқали ұстаздық жолды таңдап, жоғары оқу орнында білім алып жатыр. Болашақта өсіп келе жатқан ұл-қыздарымыз ұстаздық жолды таңдап, отбасылық дәстүрді жалғап жатса, біз қуанар едік», - деді Лаура Сәрсембекова.

Медина Мұратқали Астанадағы жоғары оқу орнында 2-курста оқиды.

«Таңдаған мамандығы – биология пәнінің мұғалімі. Бұл – мен үшін, жалпы біздің әулет үшін ерекше қуаныш. Себебі бұл – ата-енемнің де, өзімнің де жүріп өткен жолымды жалғайтын жаңа буынның жалғасы деген сөз. Ұстаздық – жүрек қалауымен таңдалатын мамандық екенін ол ерте түсінді», - деді Лаура Сәрсембекова.

Әңгіме арасында Лаура Жолмұхаметқызынан не себепті ұстаздық жолды таңдағанын сұрап-білген едік.

«Ұстаздық – мен үшін жай ғана мамандық емес, бұл – жүрек таңдауы, жан қалауыммен келген өмірлік жолым. Бала күнімнен бері мектептің, ұстаздың, кітаптың ортасында өстім. Қалам мен парақты серік етіп, сөз өнеріне құштар болдым. Қазақ тілі мен әдебиетінің тереңіне үңілген сайын осы салаға деген қызығушылығым, құрметім арта түсті. Сол бала армандар мен үлкен мақсаттар мені ұстаздық жолға алып келді. Әр оқушының жүрегіне біліммен қатар сенім де сіңіру, тек сабақ үйретіп қана қоймай, тұлға тәрбиелеу – менің кәсіби әрі адами борышым деп білемін», - деді ол.

Ұстаздың педагогика саласындағы еңбек өтілі — 21 жыл. Қазіргі таңда үлгілі ұстаз Астанадағы Міржақып Дулатұлы атындағы №68 мектеп-гимназиясында мектеп директоры қызметін атқарады.

«Бұл – үлкен жауапкершілікті, табандылықты, ұйымдастырушылықты талап ететін қызмет. Бірақ мен үшін ең үлкен бақыт – ұстаздар мен оқушылар ортасында, білім мен тәрбиенің басында жүру. Жолдасым Ерлан Сәрсембеков – білім саласында еңбек етіп жүрген азамат. Ол – өз өмірін ұрпақ тәрбиесіне арнаған, ұстаздар әулетінің ізін жалғаушы. Оның бұл саладағы еңбек өтілі 20 жылдан асады. Ұстаздық – ұрпаққа мұра қалдыратын, ұлттың болашағына жол сілтейтін ең жауапты, ең қасиетті жол», - деді мектеп директоры.