Астанада масалар мен кеміргіштерге қарсы ауқымды күрес жүріп жатыр

Астанада масалар мен кеміргіштерге қарсы ауқымды күрес жүріп жатыр

Елордада кеміргіштерге, масалар мен шыбын-шіркейлерге қарсы арналған дератизация және дезинсекция шаралары жалғасып жатыр, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты.

Қазіргі уақытта қалада жабық аумақтарды өңдеу аяқталуға жақын. Бұған жеке сектор, саябақтар, өзен аңғарлары, су қоймалары, арналар мен зираттар кіреді. Жеке сектордағы 28 735 үй толық қамтылып, аралау жұмысы жүргізілді.

1 мамырдан бастап ашық аумақтарды өңдеу басталды – жалпы көлемі 3 264 гектар жерді қамту жоспарланған. Аталған кезеңдегі жұмысты 16 мамырға дейін аяқтау көзделіп отыр.

Бұл шаралар кеміргіштер санын азайту және аса қауіпті жұқпалы аурулардың таралуын болдырмау мақсатында жүргізілуде. Жеке сектор тұрғындарына уландырғыш заттар тегін таратылып, қауіпсіздік техникасы бойынша нұсқаулық берілуде.

Бұған қоса, Астанада масаларға қарсы дезинсекциялық жұмыс белсенді түрде жүргізіліп жатыр. 28 сәуірден бастап ашық аумақтарды өңдеу жұмысы басталды. Қазірдің өзінде 8 000 гектардан астам аумақ өңделді. Бұл жұмысқа 100-ге жуық маман, арнайы техника мен термогенераторлар жұмылдырылған.

Өңдеу жұмысы саябақтарда, гүлзарларда, көшелерде, тұрғын үй алаптарында, өзен мен арна жағалауларында, сондай-ақ 120-дан астам тұрақты және 100-ден көп уақытша су айдындарында жүргізілуде. Жәндіктердің дернәсілдерін жою үшін флора мен фаунаға қауіпсіз биологиялық препараттар қолданылуда.