
Еліміз бойынша Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның қолдауымен репродуктивті денсаулық апталығы басталды. Осыған орай елордадағы №2 қалалық емханада «Ашық есік күні» өтіп жатыр, деп хабарлады елорда әкімдігінің ресми сайты.
Білікті мамандар күні бойы келушілерге жүктілікті жоспарлау, салауатты отбасын құру және өзге де репродуктивті денсаулыққа қатысты мәселелер бойынша кеңес береді.
Сонымен қатар жыныстық жолмен берілетін инфекцияларды алдын алу және анықтау мақсатында сынамалар алынып, түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
№2 қалалық емхананың терапевт-дәрігері Гүлмира Баратованың айтуынша, ерлі-зайыптылар жүктілікті дұрыс жоспарлауы қажет.
«Әр емханада 15-49 жас аралығындағы туу жасындағы әйелдердің тізімі болады. Осы жас аралығындағы әйелдерді емхана дәрігерлері скрининг өтуге шақыруы қажет. Жүктілікті жоспарлап жүрген әйел алдымен учаскелік дәрігердің қабылдауына жазылуы қажет. Онда әйелдің жалпы денсаулық жағдайы тексеріліп, тиісті анализдер тізімі жасалады. Кейін жүктілікті жоспарлап жүрген әйел гинеколог қабылдауына жіберіледі. Маман тексеріп, қажет болған жағдайда қосымша анализдер тағайындайды. Ең соңында әйел адамның жүктілікке дайындығы туралы қорытындыны учаскелік терапевт-дәрігер шығарады. Жалпы жүктілікті жоспарлап жүрген әйелдерді 5 топқа бөлеміз. Денсаулық жағдайы жүктілікке толық дайын әйелдерді бірінші топқа жатқызамыз. Болашақ сәбиде неврологиялық ауруларды алдын алу үшін ерлі-зайыптыларға жүктілікке дейін 3 ай бұрын фолий қышқылын ішуді ұсынамыз»,- дейді Гүлмира Баратова.
«Ашық есік күні» мамандар қабылдауына келгендердің арасында ерлі-зайыптылар да бар. Олардың бірі – Назым Әбжанова. Елорда тұрғыны жұбайымен бірге жүктілікке дайындалып жүр.
«Мен 2022 жылы бірінші сәбиімді дүниеге әкелдім. Енді арада үш жыл өткен соң екінші жүктілігіме дайындалып жүрмін. Алдымен учаскелік дәрігерге қаралып, тиісті анализдер тапсырдым. Кейін гинеколог маманға қаралып, толық денсаулығымды тексеріп шықтым. Дәрігердің ұсынысы бойынша күйеуіміз екеуміз фолий қышқылын ішіп жүрміз», - дейді Назым Әбжанова.
Елорда тұрғынының сөзінше, жүктілікті жоспарлайтын кезде ер-азаматтар әйеліне қолдау білдіруі қажет.
«Менің ойымша, ерлі-зайыптылар бірге дәрігерге қаралып, алдын ала жүктілікті жоспарлауы керек. Әйелім жүктілікке алдын ала дайындалу туралы айтқанда қарсы болған жоқпын. Бір отбасы болған соң бірге дайындалу қажет деп есептеймін. Себебі екеуміз де өмірге дені сау бала келгенін қалаймыз», - дейді Намаз Әбжанов.
Айта кетейік, репродуктивті денсаулық апталығы жастар арасында репродуктивті денсаулыққа жауапкершілікті арттыру, жыныстық жолмен берілетін инфекциялар мен АИТВ жұқпаларының алдын алу мақсатында өтеді.