JOLTAP жобасы елорда тұрғындарына табысын арттыруға, жаңа кәсіп ашуына және ең сұранысқа ие мамандықтар бойынша оқудан өтуге көмектесуді жалғастыруда. Бағдарлама түлегі Алтынай Мұқанова жобаға қатысу арқылы бизнесте жаңа деңгейге шығу өзіне қалай көмектескенін айтып берді, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.
Алтынай 20 жылдан астам тігін саласында еңбек етіп келеді. Оның жеке шағын шеберханасы бар, онда өз командасымен бірге үйге арналған тоқыма бұйымдарын тігеді – көрпе, дастархан, перде, майлық т.б. Жылдар бойы ол бизнесін офлайн режимде дамытып келді, ендігі арманы Kaspi арқылы онлайн сату болды.
«Мен JOLTAP жобасы туралы тренингтен өткен досымнан білдім. Мен де бағымды сынап көрейін деп шештім және бұл ойыма ешқашан өкінген емеспін. Бұл – дамығысы келетінде үшін шынында керемет қолдау», - дейді Алтынай.
Ол жоба аясында Kaspi дүкені арқылы онлайн сату саласын таңдады. Тренингке маркетинг, сатуға арналған фотосуреттер жасау, өнім карталарын жобалау, өнім бағасын орнату және платформамен жұмыс істеу мәселесі кірді.
Алтынай сол сияқты сән дизайны бойынша да курстан өтті. Бұған дейін ол тек бұйым тігумен айналысса, оқудың арқасында кәсіби түрде қиюды, өрнек, дизайн салуды үйренді. Бұл оған жаңа дағдылар мен өнім ассортиментін кеңейтуге мүмкіндік берді.
«Мен үшін ең қиыны – өзім туралы айту және әлеуметтік желідегі парақшамды жүргізу. Өзім қарапайым адаммын, көпшіліктің назарында болуды ұнатпаймын. Бірақ тәлімгерлер мен өзге қатысушылардың қолдауының арқасында бұл қиындықты жеңдім», - деп мойындайды ол.
Қазір Алтынай Kaspi желісінде өз дүкенін ашып, алғашқы өнімдерін сатып та үлгерді.
«JOLTAP жобасы мен үшін нағыз серпіліс болды. Ол тек білім ғана емес, өзіне деген сенімділік, шабыт, қолдау және жаңа мақсаттар берді. Осындай қажетті және маңызды бастама үшін ұйымдастырушыларға алғыс айтамын», - деп қосты астаналық.