
Астанада «Елорда тұрғындарының бастамашыл топтарын қолдау» жобасы аясында төрт күндік тренинг басталды. Оған қатысушылар өз ісін ашу үшін грант алудың мүмкіндіктерімен танысады, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.
«Елорда тұрғындарының бастамашыл топтарын қолдау» жобасын Астана қаласы Ішкі саясат басқармасының қолдауымен «Бақытты шаңырақ» қоғамдық қоры жүзеге асыруда.
10-13 мамыр аралығында қатысушылар «Қазақстандағы мемлекеттік гранттар: халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдау тетіктері» тақырыбында курстан өтеді.
Аудиторияда азаматтық сектор өкілдері, елорда тұрғындарының бастамашыл топтары, ата-аналар бар.
Іс-шараның мақсаты: өз ісін ашқысы келетін азаматтарды өтеусіз мемлекеттік грант түрлерімен және оларды алу шарттарымен таныстыру, кәсіпкерлерге мемлекеттік қолдау көрсету мүмкіндіктері туралы жан-жақты түсіндіру және қатысушыларды өз ісін бастауға қызықтыру.
Қатысушыларға мынандай гранттар түсіндірілетін болады: «Bastau Business» жобасы; «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы; Азаматтық бастамалар; «Асыл тас» қоғамдық қоры; Qazinnovation және олардың түрлері; халықаралық және жеке гранттар; Astana Hub гранты; «Бизнес трамплин»; «Тәуелсіздік ұрпағы»; Jas Project; Osim; сонымен қатар Coca-Cola компаниясы.
Сонымен қатар, қатысушыларға қызметкерлердің жалақысын мемлекет есебінен субсидиялау; «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының қолдауымен кәсіпкерлерге тегін шетелдік тағылымдамадан өту мүмкіндіктері; тізілімге енгізу және мамандарды даярлауға мемлекеттік қолдау алу; Бизнес-жоспар құруға қысқаша кіріспе.
Төрт күндік тренинг қатысушыларға сертификаттар тапсырумен аяқталады.
«Бақытты шаңырақ» қоры басшысының орынбасары Шынар Жанатаева оқу курсының әлеуметтік маңыздылығына тоқталды.
«Біздің қордың мақсаты – мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға жан-жақты көмек көрсету. Мұндай курстар олар үшін де, халықтың әлеуметтік осал топтарының басқа өкілдері үшін де өте маңызды және қажет.
Неліктен бұл маңызды? Көптеген адамдарға көмек қана емес, даму мүмкіндіктері де қажет екені белгілі. Біздің курстар адамдарға өз бетінше ақша табуды үйренуге, өз ісін табуға және өздерін сенімдірек сезінуге көмектесетін мүмкіндік сияқты.
Біз оларға барлық мүмкіндікті бергіміз келеді. Олар мемлекеттік гранттар алып, бастапқы капиталға ие болып, өз идеяларын, жоспарларын жүзеге асыра алады және түптеп келгенде қаржылық жағдайын жақсарта алады.
Спикер Ақмарал Иманалиеваның өзі де ерекше сәбидің анасы. Ол грант алудың барлық қыр-сырын көрсетіп, тәжірибесін үйретеді», - деді ол.
Ақмарал Иманалиева жеке кәсібін бастаған белсенді жандар арасында өзгелерге үлгі боларлықтай. Ол отбасылық бизнесінің қалай басталғанын айтып берді.
«Біз ерекше күтімді қажет ететін балаларды оңалтуға және денсаулығын жақсартуға арналған құрал-жабдықтарды шығарумен айналысамыз. Бұл кәсіпорын жеке қажеттілікке байланысты ашылды деуге болады, өйткені біз өзіміз ерекше бала тәрбиелеп отырмыз. Күйеуімнің ұсталық өнері бар, сондықтан ол балаларды сауықтыру, арнайы реабилитациялау үшін қажетті құрал-жабдықтарды өзі жасап көрмек болды», - дейді Ақмарал.
Ол өз сөзінде гранттар туралы карантин кезінде әлеуметтік желіден білгенін айтты. 2020 жылы Ақмарал 200 АЕК немесе сол кездегі құнмен есептегенде 555 600 теңге көлеміндегі алғашқы мемлекеттік грантын алды.
«Осы ақшаға өндіріске ең қажетті құрал – бұрауыш, дәнекерлеу аппаратын сатып алдық, шеберхананы жалға алып, шағын жұмыс бастадық.
2021 жылы ұлттық жоба аясында 5 миллион теңге қайтарымсыз грант туралы біліп, байқауға қатысып, ұтып, үлкен техникалар сатып алдық. Сол жылы олар «Асыл тас» қоғамдық қорының 1,5 миллион теңге грантын алып, оған станок сатып алды. Бұл машиналарды әлі күнге дейін қолданамыз.
Мүмкіндігі шектеулі балаларды оңалтуға арналған құрал-жабдықтардан бөлек, үй жиһаздарын шығарумен де айналысамыз», - деді спикер.
Оның гранттық қаржыландыруды алуда үлкен тәжірибесі бар, осы бойынша курсқа қатысушыларды үйретеді.
Оқу курсына қатысушылардың бірі – астаналық Құралай. Ол – ерекше баланың анасы. Құралай тренингке қатысудың маңызын түсіндіріп берді.
«Бақытты шаңырақ» қоры ұйымдастырған «Қазақстандағы мемлекеттік гранттар» тақырыбындағы оқу курсына қатысып отырмын. Қызыммен бірге сұлулық салонын ашқым келеді. Сондықтан осы курсты оқып жатырмын. Мұнда біз өтеусіз мемлекеттік гранттардың түрлерімен, оларды алу шарттарымен, кәсіпкерлерге мемлекеттік қолдау көрсету мүмкіндіктерімен танысамыз. Өз ісімізді бастауға мотивация пайда болды. Алдағы уақытта арманымды орындаймын деп ойлаймын», – дейді Құралай.