
Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына орай Қазақстанның танымал әртістері мен өнер ұжымдарының қатысуымен «Бейбіт аспан астында» атты мерекелік шара ұйымдастырылады, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Іс-шараның мақсаты – Ұлы Отан соғысы жылдарындағы жауынгерлік ерлік пен тыл еңбеккерлерінің қажырлы еңбегін ұрпақ санасында жаңғырту, жас буынның отансүйгіштік рухын нығайту.
Бағдарламада Соғыс жылдарындағы әндер мен би қойылымдары; майданнан жолданған архивтік хаттар мен фотосуреттер көрмесі; жас өнерпаздардың шығармашылық қойылымдары; соғыс тақырыбындағы көркем фильмдер мен кино-дәрістер; «Біздің батырлар» атты иммерсивті инсталляциялар жоспарланып отыр.
Мерекелік жиын 9 мамыр күні сағат 11:00-де «Жастар» саябағында (Отан қорғаушылар алаңы, Тәуелсіздік даңғылы мен Қажымұқан көшесінің қиылысында) басталады.