«Астана» хоккей командасы жастар арасында Қазақстан чемпионы атанды

«Астана» хоккей командасы жастар арасында Қазақстан чемпионы атанды

Елорданың «Барыс» спорт кешенінде Jastar hokei lygasy-ның жаңа чемпионы – «Астана» командасын марапаттау шарасы өтті, деп хабарлады қала әкімдігінің ресми сайты.

Еліміздегі 13 хоккей клубының қатысуымен өткен Jastar hokei lygasy ресми түрде мәресіне жетіп, «Астана» клубы өз тарихында алғаш рет топ жарды. Чемпионатта 7-орын алған елордалықтар плей-оффта бірден мықтыларға тап болды. Олар ширек финалда абсолютті чемпион саналған «Барысты», жартылай финалда былтырғы қола жүлдегер «Торпедо» және финалда тәжірибелі ойыншылардан жасақталған «Ақтөбені» жеңіп кетті. 2020 жылдан бері 1/4 финалдан аса алмаған елордалықтардың бұл көрсеткішін көпшілік күтпегені анық.

«Өкінішке қарай, бұған дейінгі маусымдарда ширек финалда жарысты аяқтап жүрдік. Жігіттеріміздің келесі кезеңге өтетініне сенімдері төмен болды. Осы маусымда құрамға, тактикаға, ойын өрнегіне айтарлықтай өзгеріс енгіздік. Иә, бұл көрсеткішті сенсациялық деуге келетін шығар. Себебі біз басты фавориттерді жарыс жолынан шығара білдік», - деді бас бапкер Антон Васин.

Салтанатты шараға хоккей ардагерлері келіп, чемпиондардың құрметіне мұз айдынында мәнерлеп сырғанаудан қойылым көрсетілді.