Астанада 9-11 мамыр күндері дзюдодан әлемдік рейтингтік «Qazaqstan Barysy Grand Slam» турнирі өтеді. Байрақты дода елімізде биыл үшінші рет өткізіледі, деп хабарлайды елорда әкімдігінің реси сайты.
Ж.Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында өтетін бұл бәсекеге әлемнің 49 елінен 426 спортшы тіркелген. Қатысушылар қатарында Олимпиада чемпиондары мен жүлдегерлері Нагасе Таканори (Жапония), Рафаэла Сильва (Бразилия), Беатрис Соуза (Бразилия), Ғұсман Қырғызбаев (Қазақстан), Целидис Теодорос (Грекия) және әлем чемпионаттарының жеңімпаздары Нилс Штумп (Швейцария), Тамаоки Момо (Жапония), Неманья Маидов (Сербия) бар.
Естеріңізге сала кетсек, бұл доданың нәтижесінде IJF ережелеріне сәйкес жарыстың жеңімпаздары мен жүлдегерлері арасында әлемдік және олимпиадалық рейтингтерде ұпайлар бөлінеді. Атап айтқанда, І орын үшін 1000, ІІ орын үшін – 700, ал ІІІ орын үшін – 500 ұпай есептелетін болады.
Қазақстан дзюдо федерациясы мен Халықаралық дзюдо федерациясының (IJF) екіжақты келісімшартына сәйкес, Қазақстан әлемдік Grand Slam жарысын 2026 жылға дейін қабылдайды.
«Qazaqstan Barysy Grand Slam» тікелей көрсетілімі Qazsport телеарнасында өтеді.
Жарыс бағдарламасы:
9 мамыр
Әйелдер: -48 кг, -52 кг, -57 кг;
Ерлер: -60 кг, -66 кг.
10 мамыр
Әйелдер: -63 кг, -70 кг;
Ерлер: -73 кг, -81 кг.
11 мамыр
Әйелдер: -78 кг, +78 кг;
Ерлер: -90 кг, -100 кг, +100 кг.