«Елорда жастары» тұрғын үй бағдарламасы арқылы жалдамалы пәтерді алғаш алғандардың бірі – Мерей Ақпарова. Ол бағдарламасының артықшылығы жайлы ой бөлісті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
«2019 жылы жолдасымыз екеуміз бағдарламаға қатысуға қажетті құжаттар тізімін біліп, дайындала бастадық. Әр критерий бойынша балл есептеледі, онда отбасылық жағдайы, яғни некеге тұрған жыл мен балалардың саны маңызды. Ол кезде біздің 2 баламыз болды. Содан қараша айында құжаттарымызды онлайн форматта өткізіп, жауабын күттік»,- дейді Мерей Ақпарова.
Жас отбасы осылайша бір бөлмелі пәтерге ие болған.
«2020 жылдың қаңтар айында бізге бағдарлама бойынша 48 шаршы метрлік 1 бөлмелі пәтер берілді. Айына шамамен 6500 теңгедей төледік. Сол уақыттан бастап 2025 жылдың наурыз айына дейін жалдамалы пәтерде тұрдық. Бес жыл сол пәтерде тұрып, өзіміздің болашақ үйімізге қаражат жинадық. Жалдамалы пәтердің уақыты біткен кезде ипотека бойынша өз үйімізді алдық. Қазіргі таңда өзіміздің пәтерімізде тұрып жатырмыз»,- дейді ол.
Менеджер болып жұмыс істейтін Мерей Ақпарова «Елорда жастары» тұрғын үй бағдарламасы жастарға өз пәтерін алуға мүмкіндік беретінін айтты.
«Жалпы бағдарламаның артықшылығы көп. Ол жастарға баспаналы болуға мүмкіндік береді. Мысалы, қазір жалдамалы пәтерге ай сайын қымбат төлем жасап жүрген жастар көп. Бұл тіпті жас отбасыларға үлкен салмақ деп айтар едім. Ал «Елорда жастары» бағдарламасы арқылы жалдамалы пәтер беріледі, оның ай сайынғы төлемі де аз. Осылайша жастар өздерінің болашақ пәтеріне қажетті қаражатты тез жинайды», - дейді ол.
Айта кетейік, елордада осыдан бес жыл бұрын алғаш рет жұмыс істейтін жастарға арналған «Елорда жастары» тұрғын үй бағдарламасы іске қосылды. Осы уақытқа дейін бағдарламаға қатысуға 17 мыңға жуық адам өтініш білдірген.
Бес жылдық жалға берілетін баспана бағдарламасы аясында жастарға, яғни білім, денсаулық сақтау, спорт, мәдениет, әлеуметтік қорғау, полиция және басқа да салаларда жұмыс істейтін 35 жасқа дейінгі азаматтарға басымдық беріліп келеді. «Елорда жастары» бағдарламасы аясында Астанада тұрақты тіркеудің болуы, соңғы бес жылда жылжымайтын мүліктің болмауы және тұрақты табыс көзі болуы шарт.
Бағдарлама туралы толық ақпаратты zhilfond.kz сайтында және тұрғын үй қорының әлеуметтік желілердегі ресми парақшалары арқылы білуге болады.