Астанада 180-нен астам аула мен қоғамдық кеңістік абаттандырылады

Астанада 180-нен астам аула мен қоғамдық кеңістік абаттандырылады

Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек Instagram парақшасында абаттандырылатын аулалар мен қоғамдық кеңістіктер жайлы жазды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

«Елордада серуендеуге арналған орындардың көбірек болуы үшін тиісті жұмыс жүргізіп жатырмыз. Биыл 180-нен астам аула мен қоғамдық кеңістікті (саябақтар, гүлзарлар, желекжолдар) абаттандырамыз. Қаланың барлық ауданында жұмыс жүріп жатыр. Абаттандыру барысында көгалдандыруға ерекше көңіл бөлінеді. Биыл тағы 1 миллионнан астам жасыл желек (ағаштар, көшеттер, бұталар және т.б.) отырғызамыз.

Мысалы, Алматы ауданында мына орындар абаттандырылады: Мұңайтпасов көшесі (Тәуелсіздік даңғылынан Жұмабаев даңғылына дейін); Жұмабаев даңғылы (Мұңайтпасов көшесінен Майлин көшесіне дейін); Керегетас көшесінің учаскесіндегі гүлзар (Теміржолшылар елді мекені); Рысқұлбеков көшесі (Абылай хан даңғылынан Құдайбердіұлы даңғылына дейін); Әл-Фараби атындағы Оқушылар сарайының алдындағы алаң, Абылай хан даңғылы, «Күйшілер» аллеясы (Күйші Дина көшесінен Майлин көшесіне дейін), Келес көшесі учаскесіндегі гүлзар (Оңтүстік-Шығыс ш/а) және т.б.

Сарыарқа ауданында ескі гараждар мен Шынтас көшесіндегі бос жерлердің орнына қоғамдық кеңістік ашамыз. Мұнда демалуға арналған жайлы алаң мен балаларға арналған ойын алаңы болады. Сондай-ақ, Гете мен Алтынемел көшелерінің қиылысында бұзылған апатты үйдің орнында жаңа қоғамдық кеңістікті абаттандыру жұмысы басталды.

Сарайшық ауданында да жаңа қоғамдық кеңістіктер ашылады: Байтұрсынов көшесі – Тәуелсіздік даңғылы – Қошқарбаев даңғылы және «Гранд Астана» ТК (Нәжімеденов көшесі – Тәуелсіздік даңғылы), Жүргенов көшесі, 27/1 және 28/1 бойында жұмысшы мамандықтар аллеясы және т.б. ашылады.

Байқоңыр ауданындағы «Тұлпар» сауда орталығының алдында орналасқан ескі үйлер мен ескі сауда нысандарының орнында жаңа қоғамдық кеңістік ашылады. Жоба жаяу жүргіншілер кеңістігін, қала тұрғындары үшін демалыс аймағын ашуды, сондай-ақ көгалдандыру мен жарықтандыру жұмысын қамтиды. Аталған жұмыстар кезең-кезеңімен орындалатын болады.

Есіл мен Нұра аудандарында да абаттандыру, көгалдандыру бойынша кешенді жұмыс жүріп жатыр. Мысалы, Хусейн Бен Талал, Кекілбаев, Жошы хан көшелерінің бойына, Ботаникалық баққа, Желілік саябаққа, Г.Әлиев көшесіне, «Астана Балет» театрының жанына, ЭКСПО аумағына 6 мыңнан астам ағаш отырғызылды. Сондай-ақ, Керей және Жәнібек хандары көшесінің (Ә.Бөкейхан көшесінен Әл-Фараби даңғылына дейін) бойындағы учаске көгалдандырылды.

Нұра ауданындағы Бухарест алаңы, орталық саябақ және т.б. кешенді абаттандырылады. Ал Үркер елді мекенінде 2 гүлзар ашылады. Олардың бірі Сырым батыр көшесінде орналасса, екіншісі Үркер елді мекеніндегі спорт инфрақұрылымының бір бөлігі болады», – деп жазды Жеңіс Қасымбек.