Астананы ластағаны үшін 5 мыңнан астам адам жауапқа тартылды, олардың арасында кәмелетке толмағандар да бар

Астананы ластағаны үшін 5 мыңнан астам адам жауапқа тартылды, олардың арасында кәмелетке толмағандар да бар

Елордалық прокуратура 2025 жылдың бірінші тоқсанында бөтеннің мүлкін қасақана жоюға және бүлдіруге қарсы күресті қорытындылады. Коммуникациялар қызметінде өткен брифингте атқарылған жұмыстар туралы қалалық Прокуратура басқармасының прокуроры Гүлмира Бекмұханова айтып берді, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.

«Нөлдік төзімділік» қағидатын іске асыру аясында елордада Құқықтық бақылау мен қоғамдық тәртіпті күшейту бойынша нақты жұмыс жүріп жатыр. Өзекті мәселе – вандализм мен қоғамдық орындардың ластануына ерекше назар аударылады.
«Қоғамдық мүліктің бүлінуі, бұзақылық – мұның бәрі дереу және қатаң шаралар қабылдауды талап етеді», – деді Гүлмира Бекмұханова.

Ол 2023 жылғы 3 қаңтардан бастап, егер залал 200 АЕК-тен (738 мың теңге) аспаса, бөтеннің мүлкін қасақана жарамсыз немесе бүлдіргені үшін жазаны көздейтін ӘҚБтК-нің 147-1-бабы күшіне енгенін еске салды. Құқық бұзушыға әкімшілік қамауға алу немесе айыппұл салынуы мүмкін.

2025 жылдың I тоқсанында Астана қаласының әкімшілік құқық бұзушылық жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына ӘҚБтК-нің 147-1-бабы бойынша 61 іс келіп түсті. Қарау қорытындысы бойынша 40 құқық бұзушы әкімшілік қамауға ұшырады, тағы 21 адамға жалпы сомасы 3 605 440 теңге айыппұл салынды. Бұл елордадағы вандализммен күресудің принципті тәсілін көрсетеді.

Гүлмира Бекмұханованың айтуынша, Астанада қоғамдық тәртіпті бұзушылықтарды жедел анықтау үшін барлық жағдай жасалған. Бүгінде қалада полицияның жедел басқару орталығына қосылған 35 600 бейнебақылау камерасы жұмыс істейді. Олардың арқасында күн сайын ондаған құқық бұзушылық, оның ішінде қоқыс тастау, түкіру, бұзақылық әрекеттер тіркеледі.

Қала прокуратурасы кәмелетке толмағандар арасындағы бұзушылықтар санының өсуін тіркейді. Аталған кезеңде қоғамдық орындардың ластанғаны үшін 5 151 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды, оның ішінде 36-сы – кәмелетке толмағандар.

«Егер кәмелетке толмаған адамның айыппұл төлеуге жағдайы болмаса, міндет ата-анасына немесе оларды алмастыратын адамдарға жүктеледі», – деп түсіндірді прокурор.

Прокуратура мен полиция әлеуметтік желілерге, БАҚ-қа және азаматтардың жарияланымдарына белсенді мониторинг жүргізуде. Вандализм және ұсақ бұзақылық туралы хабарламалар анықталған жағдайда тексерулер жүргізіледі, құқық бұзушыларға құқықтық баға беріледі. Мұндай жағдайлар медиа кеңістікте үнемі жарияланады.

Прокуратура елорда тұрғындарын заңнама нормаларын сақтауға және өздерінің азаматтық ұстанымдарын көрсетуге шақырады. Урбанизация, халықтың өсуі және қалалық инфрақұрылымның дамуы жағдайында тәртіпті сақтау қоғамның барлық қатысушыларының ортақ жауапкершілігі болып саналады.