
Астана қаласындағы №14 «Ақбөпе» балабақшасында Қазақстан халқы ассамблеясының 30 жылдығы мен Қазақстан халқының бірлігі күніне орай ұйымдастырылған «Бір шаңырақ астында» фестивалі өтті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Бұл шараның мақсаты – көпұлтты Қазақстанның бірлігі мен татулығын дәріптеу, әртүрлі ұлттар өкілдерінің мәдениеті мен салт-дәстүрлерін таныстыру.
Фестивальге балабақшаның өзге ұлт өкілдерінің ата-аналары мен балалары белсене қатысты. Қатысушылар өздерінің ұлттық киімдерін киіп, ата-бабаларынан қалған дәстүрлер мен мәдениеттерін көрсетті. Белорус, корей, шешен, татар сынды ұлттардың өкілдері өздерінің ұлттық тағамдарын ұсынып, салт-дәстүрлерін таныстырды.
«Біздің балабақшада көптеген ұлт өкілдерінің балалары тәрбиеленіп жатып. Барлық ата-аналармен тығыз достық қарым-қатынас орнатылған. Біз ортақ мекенде өмір сүріп жатқанымызға өте қуаныштымыз. Бүгінгі шара соның бір дәлелі деп ойлаймын», – деді балабақша меңгерушісі Қарлығаш Зейнешқызы.
Фестиваль барысында әртүрлі ұлттардың ұлттық киімдері мен тағамдары, салт-дәстүрлері мен шығармашылық қойылымдары ұсынылды. Қатысушылар қазақ халқының кең пейілділігі мен ынтымағын жоғары бағалап, алғыс сөздерін айтты. Барлық этностар ұлттық әндерді бірге орындап, «Қара жорға» биін биледі.
Шара соңында әр топ түрлі номинациялар, естелік сыйлықтар мен құрмет грамоталарына ие болды.