Астанада жұмыс істейтін жастар «Елорда жастары» мемлекеттік бағдарламасы бойынша жеңілдікпен жеке баспана ала алады. Бұл мүмкіндікті астаналық Асхат Бралинов пайдаланды, қазір ол отбасымен бірге жаңа баспаналы болды, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.
Асхат жұмыс істейтін жастарға жалға берілетін тұрғын үй бағдарламасына қатысып, ең төменгі жалдау ақысымен пәтер алған. Осыдан кейін ол бүгінге дейін өз үйіне ақша жинаған.
«Бағдарламаға қатысып, мүмкіндік алғандардың қатарында болғаныма ризамын. Жалдамалы тұрғын үй бір мезгілде тұруға, жұмыс істеуге және бастапқы жарнаға ақша жинауға мүмкіндік берді. Осы уақыт ішінде көршілерімізбен достасып та кеттік, қазір қаланың әр тұсында тұрып жатқанымызға қарамастан, әлі де араласып тұрамыз», - дейді елорда тұрғыны.
Жалға берілетін тұрғын үй бағдарламасы аяқталуға жақын қалғанда, Асхат жеке баспана алуға қолайлы жағдай туғызатын жаңа «Елорда жастары» бағдарламасынан хабардар болды. Жоспарлай келе қатысуға өтініш білдірді.
«Олар бізге қоңырау шалып, жаңа бағдарлама туралы айтқанда мүмкіндікті жіберіп алмауды жөн көрдік. Біз үшін тұрғын үй мәселесі өте өзекті еді, себебі жалға алу мерзімі аяқталып жатқан еді, біз тұрақтылықты қалаймыз. Мені төмен пайыздық мөлшерлеме қызықтырды, ең бастысы, бұл бағдарлама арқылы шынымен де баспаналы болдық», - дейді Асхат.
Қазір бұл отбасы жеке баспаналы болды және бұл мәселеде үкіметтің қолдауына ризашылықтарын білдірді.
«Елорда жастары» бағдарламасы бойынша жылдық 5 пайызбен жеңілдетілген несие беру қарастырылған. Несиенің максималды сомасы 20 миллион теңгеге дейін, бастапқы жарна – 10 пайыздан бастап, несие мерзімі 19 жылға дейін. Қатысушылар баспананы жаңа салынып жатқан тұрғын үй кешендерінен және нарықтан сатып ала алады.
Сонымен қатар, 2023 жылдың наурыз айынан бастап қатысудың жас шегі 34 жасқа дейін ұлғайтылды, бұл бағдарламаға көбірек жас мамандардың қатысуына мүмкіндік берді.