Жұмысшы мамандықтар жылы: Астанада еңбек ардагерлерімен кездесу өтті

Жұмысшы мамандықтар жылы: Астанада еңбек ардагерлерімен кездесу өтті

Алматы аудандық Белсенді ұзақ өмір сүру орталығында «Еңбек адамымен кездесу» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Іс-шара Қазақстандағы жұмысшы мамандықтар жылы аясында ұйымдастырылды, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.

Дөңгелек үстел отырысына Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының зейнеткерлері, қалалық ардагерлер кеңесінің өкілдері, еңбек ардагерлері, сондай-ақ ұзақ жылдар отау құрған интернационалдық отбасылар қатысты.

Елордалық Ардагерлер кеңесінің басшысы Сансызбай Есілов Жұмысшы мамандықтар жылы аясында өткізілген шараның маңыздылығына тоқталып, 50 жылдан астам отау құрған интернационалдық отбасыларға алғыс хаттар табыс етті.

«2025 жылғы 12 сәуірде ТМД мемлекеттерінің Сыртқы істер министрлері кеңесінің отырысында Ұлы Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында Астана, Алматы және Қарағанды қалаларына 1941-1945 жылдардағы Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарындағы Ұлы Жеңісті қамтамасыз етуге қосқан елеулі үлесі үшін, сол сияқты әскери техниканы, оқ-дәрілерді және қажетті заттарды майданға «Барлығы жеңіс үшін!» ұранымен жіберілгені үшін «Еңбек Даңқы қаласы» құрметті атағын беру туралы келісімге қол қойылды», - деді Сансызбай Есілов.

Жиында ардагер журналист Раиса Ағыбаева «Ассамблея – ұлтаралық келісімнің бірегей қазақстандық моделі» тақырыбында баяндама жасаса, тіл жанашыры, UNCLOS қазақ тілінің маманы Маржан Пірімбетова «Ассамблея – тұрақтылық пен татулықтың жаршысы» деген тақырыпта өз пікірін білдірді.

Дебат барысында этномәдени орталықтардың өкілдері Қазақстандағы ұлтаралық келісім мен достық туралы ойларын ортаға салып, жиналғандарды келе жатқан Қазақстан халқының бірлігі күнімен құттықтады.

Шара ҚХА-ның 30 жылдығына орай қалалық ардагерлер кеңесімен бірлесіп ұйымдастырылды.