Ұлы Отан соғысының 80 жылдығына орай елордада Мәдениет басқармасының бастамасымен тарихи-мәдени мұраға байланысты аумақтарды абаттандыруға бағытталған «Тарих тынысы» ауқымды акциясы басталды. Ұлттық жадын, мәдени мұраны және батырлардың ерлігін бейнелейтін ескерткіштерге ерекше назар аударылады, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Шараға қаладағы мәдениет мекемелерінің қызметкерлері – музыканттар, театр және кино әртістері, цирк әртістері және басқа да шығармашылық кәсіп өкілдері қатысты.
Акция аясында Е.Рахмадиев атындағы мемлекеттік академиялық филармония қызметкерлері Сарыарқа даңғылының бойындағы саябақта орналасқан Жаяу Мұса ескерткіші маңындағы аумақты абаттандырды.
Музыкалық жас көрермендер театрының ұжымы Жәнібек Тәшенев көшесіндегі саябақтағы «Астана» мүсінінің айналасын қоқыстан тазартты. Ал М.Горький атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театрының қызметкерлері Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің жанында орналасқан Александр Пушкин ескерткішін абаттандыруға атсалысты.
Іс-шара жалғасады. Жалпы, акция аясында 16 астаналық ескерткішті абаттандыру жоспарланған. Олардың қатарында Төле би ескерткіші, Чернобыль апаты құрбандарына арналған мемориалдық белгі, Алтын жүрек ескерткіші, Алаш қозғалысы қайраткерлеріне арналған ескерткіш, Сәкен Сейфуллин, Дина Нұрпейісова ескерткіші, «Менің атым Қожа» ескерткіші, Юнус Эмре ескерткіші және т.б.
«Бұл акция тек сенбілік емес, бұл біздің рухани және мәдени мұраны сақтауға қосқан үлесіміз, әсіресе Ұлы Отан соғысының 80 жылдығын тойлайтын жылы. Біз, өнер адамдары, өткен күннің естелігі тек өнер туындыларында ғана емес, сонымен қатар нақты іс-шаралар арқылы да көрсетеміз», - деді эстрадалық вокал бөлімінің көркемдік жетекшісі Дана Сатаева.
«Мұндай бастамалар бізді ортақ мақсат – тарихи жадты сақтау және мәдениет пен руханияттың дамуына үлес қосқан көрнекті тұлғаларға құрмет көрсету аясында біріктіреді. Біз оны Ұлы Жеңістің мерейтойлық жылында жасап жатқанымыздың символдық мәні бар», - деді Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Арайлым Рахымқызы.
«Тарих тынысы» бастамасы тарихты сақтау, құрметтеу, рухани құндылықтарды нығайту және осы мұраны келешек ұрпаққа жеткізу қажеттілігін еске салады.