
Қазақстанда 16 сәуірде тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласының қызметкерлері күні атап өтіледі. Мерекеге орай елорданың «Астана су арнасы» кәсіпорнында жұмысшы мамандықтарының өкілдері салтанатты түрде марапатталды, деп хабарлайды қалалық әкімдіктің ресми сайты.
Кәсіпорын басшылығы қызметкерлерді мерекемен құттықтап, атқарылған жұмыстарды қорытындылап, алдағы жоспарларын айтты.
Кәсіпорынның марапаттарынан бөлек, қызметкерлер елорда әкімдігінен, кәсіподақ комитетінен және бейінді министрліктерден грамоталар алды. Барлығы 50-ге жуық қызметкер марапатталды.
«Елімізде биыл жұмысшы мамандықтар жылы деп жарияланды және бұл біздің қызметімізге тікелей әсер ететіні сөзсіз. Бүгін жұмысшы мамандықтарының өкілдері марапатталды. Біз мұндай іс-шаралар еңбек адамдарына алғыс деп санаймыз», - деп атап өтті «Астана Су арнасы» МКК бас директоры Абылай Елжасов.
Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласы қызметкерлерінің күніне арналған салтанатты іс-шаралар «Астана Тазалық» ЖШС-де және «Elorda Eco System» МКК-де өтті, оның аясында қызметкерлерді марапаттау және еңбек ардагерлерін құрметтеу іс-шаралары өтті.