
Елордадағы Достық үйінде «Оқушылар арасындағы қатыгездік пен оны жеңу жолдары» тақырыбында сараптамалық кеңестің кезекті отырысы өтті, деп хабарлады қала әкімдігінің ресми сайты.
Астана қаласы бойынша Адам құқықтары жөніндегі өкілдіктің ұйымдастыруымен өткен кездесудің негізгі мақсаты – оқушылар арасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу мәселелерін талқылау. Отырыс барысында оқу орындарында балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және зорлық-зомбылықтың алдын алу бағытында ұжымдық және жеке жауапкершілікті арттыру мәселелері қаралды. Сондай-ақ, қазіргі уақытта мектептерде болып жатқан буллингтің себептері мен салдары зерттеліп, алдын алу шаралары мен заңнамалық бастамалар ұсынылды.
«Астана қаласының Білім басқармасы тарапынан «STOP – буллинг» жобасы аясында, елорданың барлық мектебінде оқушыларға арналған анкеталар таратылды. Бұл анкеталау оқушылардың мектепте өздерін қалай сезінетіні, басқа оқушылар тарапынан қандай қысым көріп жатқаны туралы мәліметтер жинауға бағытталған. Алғашқы кезеңде 107 928 оқушы, ал екінші кезеңде 107 191 оқушы зерттеуге қатысты. Анкеталар 99 мемлекеттік мектепте таратыла отырып, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында маңызды ақпараттар жинақталған», - деді ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің Астана қаласы бойынша өкілі Баян Жалмағанбетова.
Кеңес нәтижесінде Астана қаласының Адам құқықтары жөніндегі өкілдігі алдағы уақытта кәмелет жасқа толмаған балалар арасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу бойынша кешенді іс-шаралар жоспарын әзірлеу мен енгізу туралы шешім қабылдады.