Тазару күні: Астанада көктемгі тазалық жұмысы жүріп жатыр

Тазару күні: Астанада көктемгі тазалық жұмысы жүріп жатыр

Қазақстанда 23 наурызда Наурызнаманың онкүндігі аясында Тазару күні атап өтіледі. Көктемнің жылы күндеріне орай елорданың коммуналдық қызметтері ауқымды тазалықты бастады. Бұл күні Астанада қаланы көктемгі санитарлық тазалау жүргізіліп, аулалар, көшелер, тротуарлар, қоғамдық орындар, саябақтар мен алаңдар тазартылып жатыр, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Таңертеңнен бастап жаяу жүргіншілер жолы мен жол жамылғылары арнайы техниканың көмегімен тазартылады. Жұмысшылар сол сияқты көшелер мен аулаларды қоқыстан тазартуға шықты. Ал коммуналдық қызметшілер еріген қар суын техника арқылы сорып шығаруға жұмылдырылды.
Бүгінде елорданың барлық алты ауданында санитарлық тазалау жұмысы жүргізіліп жатыр. Ауқымды бастамаға қала тұрғындары да белсене қосылды. Түрлі аулаларда тұрғындар сенбіліктер ұйымдастырып, қоқыс шығарып, балалардың ойын алаңдарын абаттандырды.

«Мұндай бастамаларды көршілерімізбен бірге ылғи да қолдаймыз. Бүгін Тазару күніне орай аулаға шығып, аумақты ретке келтірдік. Қаламыздың таза әрі жайлы болып жатқаны көз қуантады» – деді тұрғындардың бірі.

Бұл бастаманы қолдап, Е.Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармония, «Жастар» театры, Музыкалық жас көрермен театры, Ә.Мәмбетов атындағы драма және комедия театры, Қуыршақ театры және басқа да мәдениет мекемелерінің ұжымдары сенбіліктер ұйымдастырып, қоршаған ортаның тазалығына үлес қосты. Бұл күні 600-ден астам мәдениет қызметкері сенбіліктерге шықты.

Сенбілікке Нұржамал Үсенбаева, Гүлнұр Оразымбетова, Светлана Айтбаева, Фарида Жолдасова, Парасат Отан, Данияр Мұқан сынды танымал өнер иелері қатысты.

Сондай-ақ, бұл күні «Астана жастары» жастар ресурстық орталығының еріктілері жалғызбасты зейнеткерлерге, ардагерлерге, әлеуметтік осал санатындағы тұрғындарға көмек көрсетіп, аулаларын тазалауға атсалысты.

Еске салайық, 14 наурызда Қазақстанда Наурыз мейрамын тойлауға арналған Наурызнама онкүндігі басталды. Осы 10 күн ішінде Астанада мерекеге орай 200-ден астам ауқымды іс-шара – концерттер, көрмелер, қойылымдар, шығармашылық кештер және т.б. өтіп жатыр.