
Наурызнама онкүндігі аясында 19 наурызда Жаңару күні атап өтіледі. Астаналықтар көшеге шығып, аулаларын тазалауға атсалысты, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.
Осылайша, Сарайшық ауданындағы Аманжолов көшесі, 26/1 мекенжайындағы көпқабатты үйдің тұрғындары аула аумағын реттеп, қар мен қоқыстан тазартты.
«Біздің жаңа ауданымыз – Сарайшық, жергілікті әкімдік бізге көп көмек көрсетеді. Дегенмен біз ауламызды да жиі тазалаймыз. Өйткені, біз Астананың бас алаңына жақын тұрамыз. Сонымен Жаңару күні мүмкіндігінше барлығы далаға шығып, қолдарына күрек алып, ауладағы қарды күреп, қоқысты жинады. Бұл сенбілікке балалардың да белсене қатысқаны қуантады. Негізі көктем мерекесі Наурызды таза ортада тойлау керек», - дейді үй тұрғыны Әсел Жұлдыз.
Еске салайық, Наурызнаманың онкүндігі аясында Жаңару күнінде 7 мыңнан астам кәсіпкерлік субъектінің өкілдері ауқымды сенбілікке шыққан болатын. Шағын және орта бизнес өкілдері, оның ішінде сауда орталықтары, №1 Индустриалды парктің өндірістік нысандары, қонақ үйлер, салондар, дәмханалар, дүкендер және басқа да ұйымдар өз нысандарына іргелес аумақтарды тазартып, елорданы абаттандыруға үлес қосты.