
Астана қаласы Коммуникациялар қызметінің алаңында кәмелетке толмағандар істері жөніндегі соттың қызметіне арналған брифинг өтті. Баспасөз конференциясы барысында Астана қаласының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы Лейла Зинашева соттың өткен жылғы жұмысының қорытындылары бойынша баяндама жасап, қаралған істерге қатысты статистикалық мәліметтерді ұсынды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Спикердің мәліметінше, 2024 жылы сотқа неке-отбасы даулары бойынша 9 274 іс және 6738 өтініш келіп түскен.
Оның айтуынша, Астана қаласының ювеналды соты кәмелетке толмағандарға қатысты түрлі санаттағы істерді қарайды. Олардың қатарында – балалары бар ерлі-зайыптылардың некені бұзу жөніндегі істер, балалардың тұратын орнын айқындау, ата-ана құқықтарынан айыру және қалпына келтіру, бала асырап алу және әкелік құқықты тану мәселелері бар.
«Соттың басты міндеттерінің бірі – қиын өмірлік жағдайға тап болған балалардың құқықтары мен мүдделерін қорғау. Барлық шешім баланың қауіпсіздігі мен әл-ауқатын ескере отырып қабылданады», - дейді ол.
Лейла Зинашеваның айтуынша, ювеналды сот психологтармен, медиаторлармен тығыз ынтымақтастық орнатқан. Сот жанынан құрылған дауларды шешу орталығында медиаторлар мен психологтар қызмет көрсетеді. Бұл отбасындағы жанжалдардың алдын алуға және шиеленісті жағдайларды тиімді шешуге зор мүмкіндік береді.
«Ажырасу жағдайларында ата-аналар мен балаларға арналған міндетті медиациялық және психологиялық қолдау бағдарламаларын енгізу қарастырылған. Сонымен қатар әйелдер мен балаларды тұрмыстық зорлық-зомбылықтан қорғау бағытында құқықтық ақпараттандыру шараларын күшейту жоспарланып отыр», - деп Лейла Зинашева сөзін қорытындылады.