
Қазақстанда 19 наурызда Наурызнаманың онкүндігі аясында Жаңару күні атап өтіледі. Осы күнге орай елорданың Сарыарқа ауданында 5573 әскери бөлімінің қызметшілері зейнеткерлер мен ардагерлердің аулаларын қардан тазартты, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.
Сарыарқа ауданындағы жеке секторда әскерилер 10-нан астам қарт тұрғындар мен ардагерлерге аулаларын қар мен мұздан тазартып, көмек көрсетті.
«Мереке қарсаңында соғыс жылдары тылда еңбек еткен зейнеткерлер мен ардагерлерге қолдау көрсетіп, аулаларының қарын тазаладық. Біздің басты мақсатымыз – қарттарды әрдайым қолдап, көмектесу. Аздаған көмектің өзі қамқорлықтың белгісі деп білеміз», - дейді ҚР Ұлттық ұланына қарасты 5573 әскери бөлімінің коменданттық ротасының әскери қызметшісі Алмас Мейраш.
Аудан тұрғындары әскерилерге жылдам көмектескені үшін алғыс білдірді.
«Олар – ел қорғаушысы ғана емес, қарттардың да қорғаушысы. Бүгін олар қар күреуге көмектесуге келіп, жылдам уақыттың ішінде айнадай етіп, тазалап қойды. Тәрбие берген ата-аналары мен ұйымдастырушыларға алғыс білдіремін», - дейді еңбек ардагері Галина Корейба.
Мұндай әрекеттер қарт тұрғындарға көмектесіп қана қоймайды, сонымен қатар су басу қаупінің алдын алады.
«Көктем мезгілі басталысымен облыс тұрғындары бізге күнде хабарласады. Қазіргі уақытта су тасқынына қарсы шаралар кешені жүргізілуде. Қар белсенді еріп жатыр, жеке үйлерді су басып кетпеу үшін барлық өтінішке жылдам жауап беруге әрі қауіпті аумақтарға назар аударуға тырысып жүрміз», - дейді Сарыарқа ауданы әкімдігінің бас маманы Дамир Хисматуллин.