
Елордадағы Aspan спорт кешенінде 20 наурызда Наурызнама онкүндігі аясында Ұлттық спорт күніне арналған отбасылық эстафета өтеді, деп хабарлайды әкімдіктің ресми сайты.
Ұлттық спорт күніне орай эстафеталық жарысты елордалық Дене шынықтыру және спорт басқармасы ұйымдастырып отыр. Іс-шараға 8-10 жас аралығындағы балалар шақырылады.
«Ұлы Дала Ойындары» байқауы 5 кезеңнен тұрады. Әр командада үш адамнан, яғни әкесі, анасы және баласы бар бес отбасы болуы керек.
Әкелер садақ ату, тоғызқұмалақ ойыны, асық ату, бес асық, ләңгі тебу спорт түрлерінен жарысады.
Аналар ою-өрнек жасау, тепе-теңдікпен жүру, шаш өру, тоғызқұмалақтан эстафеталық жарыстарға қатысады.
Балалар бәйге, теңге алу, көкпар, қап секіру, асық жинаудан жарысады.
Қатысушылар мен жеңімпаздар бағалы сыйлықтарға ие болады. Қатысушылардан өтінімдер 20 наурызды қоса алғанда knvs@list.ru электронды поштасы немесе +7 775 778 9725, +7 707 977 9970 телефондары арқылы қабылданады.
Эстафета Aspan спорт кешенінде 20 наурыз күні сағат 11:00-де басталады.