
Астанада Халықаралық әйелдер күніне арналған шайбалы хоккейден әйелдер, балалар және жасөспірімдер командалары арасында өткен қайырымдылық турнирінің қорытындысы шығарылды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Әйелдер хоккейін қолдауға бағытталған шара жас спортшылардың, олардың тәлімгерлерінің және барша спорт сүйер қауымның басын қосады.
«Бұл турнирдің мақсаты – Қазақстандағы әйелдер хоккейіне қолдау көрсету ғана емес, осы спорт түрімен айналысуды армандайтын балаларға көмектесу. Біз қаржылық жағдайына қарамастан әрбір баланың хоккей ойнауға және спорттық қабілеттерін дамытуға мүмкіндігі болғанын қалаймыз», - деп атап өтті турнирді ұйымдастырушылар.
Байқауға 5 пен 14 жас аралығындағы 48 қыз бала қатысты.
Ұйымдастырушылар жас хоккейшілердің қатысуымен куиз ойынын өткізіп, соңында спортшыларға сыйлықтар табыс етілді. Одан кейін хоккей аңыздарымен және басқа да спорт түрлерінің белгілі өкілдерімен кездесу өтті.
«Қазақстанда әйелдер хоккейі белсенді дамып келеді және біз бұл қозғалысты үнемі қолдап келеміз. Қайырымдылық турнирі – көрермендерге тамаша хоккей көрсету мүмкіндігі ғана емес, сонымен қатар қолдауды қажет ететін балаларға өздерінің спорттық амбицияларын жүзеге асыруға көмектесу мүмкіндігі», - деді Қазақстандағы әйелдер хоккейінің алғашқы балалар-жасөспірімдер академиясының негізін қалаушы Бұлбұл Қартанбай.
Жас хоккейшілерді марапаттау рәсіміне танымал спортшылар, инфлюенсерлер мен мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты.